Кеше, 15 қыркүйек Республикалық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің (РЖҚІҚК) отырысында «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Нұр Отан» партиясының «STOP Қылмыс» жобасының аясында жасотандықтар жыл ортасына қарай Астана мен Алматы қалалары және еліміздің барлық облыстарында «Таза сессия» акциясын өткізген.
«Сауалнама барысында алынған мәліметтер негізінде ЖОО-дағы қандай да бір қызметтердің бағасын анықтадық. Мысалы, 12 000 теңгеге бір ЖОО-да бір пәнді ғана жабу мүмкін болса, екіншісінде барлық сессияны жаба алады екенсіз. Яғни, еліміз бойынша сессияны жабу құны орта есеппен 29 000 теңгені құрайды. Ал бір пәнді жабу 5000 теңге», - деді ол.
«Бұған қарап, біз, жастар ЖОО-ға білім алу үшін емес, жай ғана диплом алу үшін баратындай әсерде қаламыз. Бәрі ақшамен шешілетін болса, оның несі білім деп сауал тастауымыз заңды болса керек. Тіптен, курстық жұмыстардың өзі 13 000 теңге екен. Ең арзандары 2000-3000 теңгені құрайды», - деп атап өтті Нұрлан Сыдықов.

Сондай-ақ, ол, 60 000 теңгеге диплом жұмысын сатып алуға болатынын айта келе, олардың да орташа құнының ағымдағы уақытта 30 000 теңгені құрайтынына тоқталды.
Айта кетейік, а.ж. 26 мамыр мен 10 маусым аралығында «Жас Отан» жастар қанатының күш салуымен 62 ЖОО-ны қамтыған анонимді сауалнама жүргізілді. Бұл акция оқу ордаларындағы жемқорлық фактілерін әшкерлеуге бағытталды.