Бүгін, 18 қыркүйекте Шотландияда Ұлыбритания біріккен корольдігі құрамынан шығу мәселесіне қатысты референдум өтеді. Онда тұрғындар «Шотландия тәуелсіз ел болуы тиіс деп санайсыз ба?» деген жалғыз сауалға жауап береді. Референдум қарсаңында қоғамдық пікірді анықтау мақсатымен өткізілген сауалнама нәтижесі тәуелсіздік алуды жақтайтындар мен біріккен корольдік құрамында қалуды қолдайтындар саны тепе-тең екендігін көрсеткен. Соңғы сауалнама көрсеткендей, тұрғындардың 52 пайызы Шотландияның Ұлыбритания құрамында қалғанын құптаса, 48 пайызы тәуелсіздікті жақтайтындарын білдірген. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.
Шотландияның бірінші министрі әрі сепаратистік Шотландия ұлттық партиясының жетекшісі Алекс Салмонд бұл референдумды «осы буын өмірінде бір-ақ рет болатын ұлы мүмкіндік» деп атаған. Шотландияның дауыс беруге құқығы бар 4 миллион 400 мың халқының 97 пайызы сайлаушы ретінде тіркелген. Референдум нәтижесі 19 қыркүйек күні белгілі болмақ.
Қамшы-ақпарат