Қазақ интеллегенциясының алаңдаушылығын тудырып отырған барлық мәселелер рухани өзгерістерге негізделеді

/uploads/thumbnail/20170710021611987_small.jpg

Сағаты сырғыған, дамуына көз ілеспейтін мынау жаһандану дәуірінде адамзат өркениетінің өмір-салты бірізділікке ұласумен қатар бәріне ортақ мәдени  норма қалыптасу үстінде. Ақпараттық кеңістіктегі қолжетімділік пен оның таралу жылдамдығы бұл үдерісті одан сайын арттырып жатыр. Қазіргі Қазақстанның саяси ұстанымы мен көзқарасы әлемдік өркениеттің дамуына ілесе өркен жайып, сабақтастықта өрбуде. Осындай рухани, мәдени ұлы өзгерістің қазақ халқының салт-санасы мен тұрмыс-тіршілігінде ықпалы ерекше маңызға ие.

Қазақ қоғамын өзінің ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық сипатының осынау ұлы кезеңдегі өміршеңдігі мен оның болашағы алаңдатары сөзсіз. Биылғы Елбасының соңғы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты көлемді мақаласында Қазақ халқының осы кезеңде одан әрі дамылдамай ұлттық сипатын сақтай отырып, болашаққа қалай нық қадам басу қажеттілігі жайында баяндалады.

 Елбасы: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», - дей келе, сөз басын еліміздің заман ағысындағы одан әрі қарайғы ұстанымы жайында бастады.

Нұрсұлтан Әбішұлының бұл мақаладағы айтып отырған ірі бастамасы  ұрпаққа нұсқау, жарқын болашақтың векторы іспеттес. Елбасы өз сөзінде: «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында»,-дейді. Ал, қазіргі дүниеде болып жатқан келеңсіз жайттар мен қақтығыстардың себебі батыстық жаңғыру үлгісінің өзге де ұлттық сипаты бар қоғаммен санаспай тықпалауы нәтижесінде болып отырғанын аңғаруға болады.

Қазіргі қоғам талқысына түсіп, қазақ интеллегенциясының алаңдаушылығын тудырып отырған барлық мәселелер осы рухани өзгерістерге негізделеді. Өйткені, генетика ғылымы бұған дәлел бола алады. Тіркесу, даму кезіндегі кейбір белгілердің өз доминанттылығын жоғалтып, рецессивті күйге ауысып жасырын түрде қалып жатады.  Тіпті, ол өз өміршеңдігін жоғалтуы да әбден мүмкін. Сол себепті де, қандай да бір ұрпақ будан алу үшін оны сапалы сұрптаудан өткізіп, жан-жақтылы бейімдеу жұмыстарын жүргізуі лазым. Міне, жаңғыру, даму мәселесі де осыған саяды.

Елбасымыз айтпақшы, ұлттық код дегеніміздің өзі – халықтың тектілігінің түбірі, рухани дүниесінің,санасының түп-тамыры.

Ұлттық код дегеніміз – ол халықтың бойындағы ешкім алмастыра да, тартып та ала алмайтын мыңжылдықтарда қалыптасқан Алланың берген рухани сипатының негізі. Бұған қатысты Елбасымыз: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», - дейді. Мейлі қандай даму үдерісіне түссең де, бабаңның қанымен, ананың сүтімен берілген, рухани байлығымен қалыптасқан сана-сезімсіз ізгі жол тауып кетудің сандыраққа айналуы бек мүмкін екендігін түсіндіреді.


Шәкәрім айтпақшы:

 Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер, 
Арға ие басшының соңынан еріңдер. 
Таң артынан хақиқат күн шығады, 
Еріншек, жалқаулық әдеттен безіңдер.

Арамдық, аразды түбімен жойыңдар 
Өтірік, өсекті біржола қойыңдар. 
Намыс, жігер, бойыңа жиып қайрат, 
Қажымай адалдық жағында болыңдар. 

Бірлік пен талапты еңбекке салыңдар,
Өнерлі елдерден өнеге алыңдар. 
Күндестіктің өзімшіл көзін құртып,
Ұмтылып, ерікті ел болып қалыңдар. 
 

Осы бір өлең жолдарынан ғасырлар тоғысынан келе жатқан қазақ зиялыларының идеялогиялық санасы бүгінгі күнмен, Елбасының көзқарасымен ұштасып жатқандығын аңғаруға болады.

 Елбасы қазақ халқының қилы сын-қатерлерді бастан өткергендігін сабақтай келе, адамзат өркениетіндегі ешбір революциялық даму түрлерінің ешбір халыққа елге пайда әкелмегендігін, соның нәтижесінде қаншама ұлтқа жойылып кету қатері төнгендігін тарлан тарихтың өзі айқындағанын атап көрсетті. Ендігі Ұлы дала елінің ұрпақтары эволюциялық даму жолымен болашаққа қадам басты. Әлем сахнасында бірлік пен ынтымақтастықтың, ғылым мен білімнің, өркениеттің озық үлгілерін бойына сіңірген кемел ұлт боларына Елбасы салған дара жол, бабалар арманына апарар даңғыл жол екеніне сеніміміз кәміл.

Қамшыгер: Арафат Дербесұлы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар