Әл-Фарабиді қазаққа қайтарған Машанов жайлы мына жұрт біле ме екен?

/uploads/thumbnail/20170710022355432_small.jpg

2017 жылдың 12 сәуірінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті тарих факультетінде елімізге әл-Фарабиді қайтарған фарабитанушы, геолог, тау-кен инженері, бір сөзбен айтқанда, энциклопедист ғалым Ақжан Машановтың зайыбы Жамал Шорайқызымен кездесу болды деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.

Алматыдан ат терлетіп келген үлкен кісі Ақжан атаның жарық көрген 16 томдық еңбектері жинағына енбеген, әлі жарыққа шықпаған тағы да 16 том болатын қолжазбаларын алып келіп алғаш рет көрсетті. Кездесуде Жамал Шорайқызы факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен тарихшы докторанттарына ұзақ жыл атаның қасында болған күндерінен естеліктерімен бөлісті. Бұл қолжазбаларда Ақжан ата өз қолымен араб, орыс, қазақ, тіпті ағылшын тілдерінде әл-Фарабиді діни тұрғыда талдаған. Онда математикалық, геометриялық, астрономиялық, физикалық сызба, кестелер, құран сүрелеріндегі тарихи философия  және ғылымның қайнар көзі ислам дінінде деген ойларын жазған екен. Еуразия зерттеулер кафедрасының 2–ші оқу жылының докторанты Д.Жұмекенова Қостанай қаласындағы А.Машановтың Ы.Алтынсарин атындағы мемориалдық мұражайдағы қолданған жеке заттары сақтауда жатқандығын айтты. Ол кісіні кезінде Қостанайда ұлықтағаны тегіннен тегін емес. Машанов Қостанай облысы Әулиекөл ауданында Құсмұрын алтын кен орнын ашқан, диплом иегері.

 Апаның айтуы бойынша, Ақжан атамыз «жұмысын нан үшін және жан үшін деп бөлетін» дейді. Нан дегені университеттегі лекциясы, жан үшін дегені әл-Фарабиі еді. Бес уақыт намазын оқитын, мешітке жұма сайын барғаны үшін қудалауға ұшырады. Еңбектерін жарыққа шығармады. Көршілес Өзбек республикасы бізге кел жағдайыңды жасаймыз, еңбектеріңді шығарамыз деп, әл-Фарабиді өзбек еткісі келіп шақырғанда «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол деп» бармағанын апаның өз аузынан естідік. Кездесуде т.ғ.д., профессор М.Алпысбес студент кезіндегі Атаның қасында жүргенін жыр ғып айтса, доктарант Н.Смағұлов І.Есенберлиннің көшпенділер трилогиясындағы «Қаһар» романындағы Ақжан Машановтың атасы Машан би туралы сөйледі.

Қорыта айтсақ, осыдан 40 жыл бұрын жазылған қолжазбаларды осы кездесуді ұйымдастырған т.ғ.д., профессор Еуразиялық зерттеулер кафедрасының меңгерішісі З.Дүкенбаеваға тапсырды. Болашақта осы қолжазбалардың факцимиляциясы түсіріліп,  қалың оқырманға жол тартады.

Машановтың жоқтаушысы Жамал апаны сонау Алматыдан Астанаға алдырып, студент жастармен кездестіру ұйымдастырғанына Зада Дүкенбаеваға жастардың атынан алғыс білдіреміз.

Астана қаласы

Докторанттар Рауан Байдалы мен Нұртас Бірлікұлы

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар