Дінтанушы Мұртаза Бұлытай өзінің Facebook парақшасына Талғар ауданындағы тас жолдың тарлығын жазды.
"Алматы қаласынан Талғар ауданына шыға берістегі "Халық Арена" спорт кешенінің алдындағы тасжолда тәңертең сағат 06:30-10:00 аралығында және кешкі 17:00-20:30 аралығында көлік кептелісі болады.
Бұл тасжол Талғар ауданы және айналасындағы ауылдардың тұрғындарының қалаға шығатын жалғыз жол. Сондықтан тәңертең жұмысқа бару және кешкісін жұмыстан қайтатын уақытта тізгіншілер уақытын ысыраптауға мәжбүр болуда.
Менің байқауымша, басты себеп тасжолдың тарлығында, көліктің көптігінде болып тұрғанымен, көлік ағысын тоқтатып жатқан түкке тұрғысыз себептер де бар.
Соның бірі "Халық Арена" спорт кешенінің алдындағы жаяу жүргіншілер жолдың арғы жағына өтетін орын (зебра). Бұл жерде жаяу адамдар өтетін көпір болмағандықтан, ерсілі-қарсылы өтіп жатқан адамдарға жолды беруге мәжбүр болып тұрған жүргізушілер кептелістің пайда болуына себеп болуда.
"Халық Арена" жобасы басталғанда осы жерге көпір немесе жер асты өткелі болатын шығар деп үміттеніп едік, ол болмады. Суретте оқпен көрсетілген орынға сондай бір көпір жасалса, көліктер тоқтамай өтетіндіктен кептеліс те азаяр еді.
Бұл көп қаржыны қажет етпейтін және қысқа уақытта жүзеге асырылатын жоба ғой, халықтың игілігі үшін салып беруіңізді өтінемін" деп жазды Мұртаза Бұлытай.