Бүгін Түркістан газетінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Онда латын әліпбиіне көшу мәселесі талқыланды. Оған қоғам қайраткерлері, тіл мамандары, саясаттанушы, IT маманы, тарихшылар қатысты деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.
Дөңгелек үстелде ең алғашқы болып Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ҚазҰҒА құрметті мүшесі Талас Омарбеков сөз алды. Оның айтуынша латын әліпбиіне көшуде бірауыздылық болу керек. 2017 жылы бірден латын әліпбиіне көшуді бастауымыз қажет. Мұны кешіктіруге болмайды.
Талас Омарбековтің сөзін Нәбижан Мұхаметханұлы да құп алды. Ол өзгелер не ойлайтынына алаңдамай іске кірісуіміз керек екенін айтты. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қытай елін мысалға алды. Аспан асты елінің небәрі бір-ақ жылдың ішінде өзге елдердің пікіріне құлақ аспай, латын әліпбиіне көшкенін тілге тиек етті.
Латын әліпбиіне көшу мәселесі көтеріліп, нақты іске кіріскенде түрлі пікір айтылатынын, оның ішінде қазақ классиктерінің шығармалары оқылмай қалады деген күдікте болуы мүмкін екені айтылды. Саясаттанушы Айдос Сарым, әр жазушы немесе ақынның шығармаларын жинақтап, арнайы сайт құру керек екенін және бұл бұрынғысынан халыққа ыңғайлы болатынын айтады.
Дөңгелек үстелге қатысқан журналист Есенгүл Кәпқызы латын әліпбиіне толықтай көшуіміз үшін билік қазақ тілінде сөйлеу қажеттігін баса айтып өтті. Өйтпеген жағдайда латын әліпбиіне көшу мәселесі қиындай түсуі мүмкін деген күдігін де жеткізді. Қазіргі билікте отырғандардың дені орыс тілінде жиналыс жүргізіп, құжаттарды да орыс тілінде жүргізетініне қынжылатынын айтты.
Дөңгелек үстелде Әлімхан Жүнісбектің пікірі төмендегідей болды.
Әлімхан Жүнісбек, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының профессоры, филология ғылымының докторы:
Қазақ тілінде қанша төл дыбыс бар, соны анықтап алу керек. Бас-аяғы 28 дыбыс бар. Бізге керегі 28 таңба. Егер кірме таңба кірсе, жүйе бұзылады.
Қазақ тілінде дыбыс дамымады. Дыбысымыз Орхон Енисей жазуындағы таңбалармен ғана тең. Кезінде Түркі кеңесі 34 таңбадан тұратын әліпби жобасын ұсынған еді. Ондағы мақсат – сөздің айтуылуы әртүрлі болуы мүмкін, бірақ жазуы бәріне түсінікті болу керек. Ататүрік латынға өткен уақытта қиналған. Ол өзі былайғы уақытта араб таңбаларымен жазып отырады екен. Біздің де басымыздан осы жағдай өтуі мүмкін. Біз де латынға өтетін кезде Елбасының өзі үлгі көрсетіп берсе, бәрі де жылдам көшеді.
Егер латын әліпбиіне қазақтың төл дыбыстарын баптап үйретсек, түк те қиыншылығы жоқ. Әрі кетке екі-үш жылда латынша жазып, оқып шығамыз.
А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова латын әліпбиіне көшкен шетелдің тәжірбиесімен бөлісіп, оған көшуде баса назарды неге аударуымыз қажет екенін айтты.
«2007 жылдан бері осы мәселемен айналысып жүрмін. Біздің тіл білімі инстиуты шетелдің тәжірибесін зерделеп, зерттеп жүр. Басқа елдің мамандары басқа елдің әліпбиін жасай алмайды. Бұл жерде иедологиямен, саясатпен байланыстырудың қажеті жоқ. Тілді шешкен кезде бәрі де шешіледі. Егер тіл танушы мамандар мықты болса, кез келген әліпбиді латынға әкелуге болады.
Әзірбайжанның, Өзбекстанның мықты ғалымдарымен кездестік. Олар жыларман болды. «Сіздер Елбасыларыңызға жеткізіңіздер! Әліпби таңдау өте қиын іс. Оны таза ғалымдарға беріңіздер. Ал біздегі комиссияда екі ғана ғалым болса, қалғаны шенеуніктер», – деді.
Әзірбайжан ғалымдары: «1990 жылдардың өзі әзірбайжан тілі – элитаның тілі болды. Олардың өз тілінде сөйлеуі үлкен имидж болды. Латын әліпбиіне көшкенде бізге керек емес дүниелерді латынға аударған жоқпыз» деді. Сондықтан қарсылық білдірген пікірлерге түсіндірме шарасын жүргізуіміз қажет.
26 перне тақтадағы графемаларды ғана берген. Біздегі «с» мен «х» әрпінің тіркесетін жері бар. Техниканы тілге икемдеу керек. Ал түріктер көшкен кезде техника да болған жоқ. Олар қабылдаған әріптер бойынша техника жасап алды.
Біз посткеңестік кеңістікте өмір сүріп жатқан ел ретінде орыс тілінде оқудан, жазудан қаша алмаймыз. Бұл жерде өз тілімізді сақтау ғана маңызды. Ал біздегі халықтың бірнеше пайызы ағылшын тілінде сөйлесе әңгіме басқа. Әліпби жобаларының редакторы ретінде байқағаным, орыс тілінде атаулар, сөздер көбейіп келе жатыр. Латынға таза тілдік танымдық тұрғыдан көшуіміз керек.
Латын жаһандық дамуда белгілі бір жүк арқалап отыр. Қарапайым ғана мысал. Неге жапондар, қытайлар брендтік тауарларын өздерінің иероглифтерімен жазбайды?..
Әліпби таңдау – жұмыстың он пайызы ғана. Сондықтан басқа да түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек» деді Анар Фазылжанова