Айман Мұсақожаева мен Димаш бастаған қазақ әртістері Қытай көрерменін тәнті етті

/uploads/thumbnail/20170710025925547_small.jpg

Beijing Concert Hall сахнасында «Жарқын Жібек жолындағы кездесу» атты концерт өтті, деп жазады Қамшы АА.

ҚазАқпараттың Қытайдағы тілшісінің мәліметінше, мәдени шараны Қытай мәдениет министрлігінің қолдауымен Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігі ұйымдастырды. Бейжің концерт залына қазақ әртістерінің өнерін тамашалау үшін халықаралық ұйымдардың, ҚХР-да аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, қытайдың ірі корпорацияларының басшылары, шетелдік және қазақстандық дипломаттар, олардың отбасы мүшелері, студенттер, қазақ диаспорасының өкілдері, Қытайдың ғылым және шығармашылық зиялылары жиналды.

Мерекелік кеш Қазақстанның ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышевтің, ҚХР Мәдениет министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Се Цзиньиннің құттықтау сөзімен ашылды. Кеш бастан-аяқ дирижер Тао Фанның жетекшілік етуіндегі Қытай Ұлттық радио және телевидение сифониялық оркестрінің әншілері мен скрипкашыларының музыкалық демеуімен өтті. Көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты, баритон Азат Мәлік, танымал қазақстандық опера әншісі Майра Мұхамедқызының салған әндері тыңдармандардың көңілінен шықты.

Ал Singer-2017 байқауының ақтық сынына дейін жеткен Димаш Құдайбергеннің сахнаға шығуы залдағы барлық көрерменді шаттыққа бөледі. Ол «Adagio» және «Осенняя печаль» әндерін орындады. Қазақстанның халық әртісі Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваның «Айгөлек» скрипкашылар ансамблімен бірге П.Чайковскийдің, Ф.Крейслердің және Павло Сарасатенің туындыларын орындауы кеш қонақтарының зор таңданысын тудырды. Концерт аяқталғаннан кейін Қазақстанның ҚХР-дағы Елшісі Ш.Нұрышев әртістерге ризашылығын білдірсе, көрермендер ұзақ уақыт қошемет көрсетіп, музыканттарға гүл шоқтарын сыйға ұсынды.

«Біздің бұл концертіміз екі мемлекет басшыларының - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасын ұштастыру десек болады. Бұл кеш Қазақстан мен Қытай халықаралық арасындағы достықты паш етеді», - деді ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген А.Мұсақожаева.

Қатысты Мақалалар