Украинадағы бүгінгі күнгі дағдарыс тек жүйелер арасындағы дағдарыс емес, құндылықтар арасындағы дағдарыс та болып табылады. Батыстық күштер мен шығыстық күштердің өзара тайталасы мемлекет болашағын айқындайтын негізгі фактор болатындығында ешқандай күмән жоқ.

Батыс мұнда нарықтық экономика мен тиімді азаматтық қоғамға арқа сүйеген демократиялық қоғам болса, шығыс әкімшіл-әміршіл жүйенің сарқыншақтары сақталған, күшті мемлекеттік бюрократиялық аппараты бар, көбіне демократиялық құндылықтардан қашықтау мемлекеттік құрылым.
Батыс Еуропа одағы болса, шығыс Ресей болып отыр. Батыс Ющенконың тұсындағы тиімді саяси шешімдер болса, шығыс жемқорлық пен тиімсіз экономиканың көрінісі болып табылатын Янукович. Мәселе жүйе қайшылығында ғана емес, этникалық психологиялық қайшылықта болып отыр. Батысшылдар өздерін Польшаның туысқандары деп қарастырса, шығысшылдар Ресейдің бір бөлігіміз деп қарастырады. Біреулері үшін гетман Мазепа мен Бандера «фашисттер» ұлттың жауы болса, өзгелері үшін ұлттық батырлар.

Біреулері Еуропамен экономикалық тығыз байланыс орнату арқылы ортақ нарыққа кіру идеясын қолдаса, біреулері Ресей бастаған еуразиялық одақтың бір бөлігі болуды қолдайды. Біреулері ескі экономикалық қатынастардың бұзылғандығынан қорықса, біреулері жаңа экономикалық жүйеге батыл қадам жасауға дайын. Бірақ қайсысынікі дұрыс? Осы мәселені саралап көрелік.
Ең алдымен Украина экономикасына назар аударайық. Кез-келген бұрынғы Кеңестер одағының құрамындағы мемлекет секілді Украин экономикасы бірінші кезекте Ресей экономикасының мұқтаждықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Экспорттың негізгі бөлігі Ресейге бағытталғандықтан Украин экономикасы бүгінгі күні Ресей экономикасының өсу қарқыны мен көсеткіштеріне байланысты. Ресей экономикасының көлемі үлкен болғанымен, Батыс Еуропа елдері экономикасынан артта қалған, өнімділігі төмен, технологиялары ескірген, бәсекеге қабілеттігі төмен экономика. Еуропа экономикасы қарқынды даму үстіндегі, түрлену үстіндегі экономика. Адам капиталының дамуы бойынша батыс Еуропа елдері алдыңғы қатарлы аумақтардың қатарында.

Тиісінше осы екі жағдайдан туындайтын қауіп те, мүмкіндік те бар. Украина Еуразиялық экономикалық қауымдастығына кірер болса, Ресей экономикасы мен саясатының фарватерында қалады. Яғни ресми Кремльдің ақ дегені алғыс қара дегені қарғыс болады. Экономикалық тәуелділік сөзсіз саяси тәуелділікке жетелейді. Негізгі қауіп экономиканың модернизациялануы мен халықтың әл-ауқатының өсуі баяу, Ресейлік сценарийге сәйкес жүреді де, барлық экономикалық көрсеткіштер метрополия, яғни Ресей экономикасының хал-ақуалына байланысты болады. Оның үстіне ресми Кремль Президент ауысқан сайын, саяси бағыт бағдардың да радикалды өзгеретіндігінің көрінісі бола алады. Ельциннің кезіндегі көрші елдер егемендігі мен тәуелсіздігін сыйлау саясаты, Путиннің тұсында «ескі жерлерді қайтару» саясатымен алмастырылды. Яғни, келесі лидердің саяси бағытына байланысты іс жүзінде біртіндеп коллонияға айналып келе жатқан көршілес елдер мен метрополияның арасындағы қатынастардың өзгеріп отыруы заңдылыққа айналады. Мұнда тең дәрежелі әріптестікке қарағанда, «үлкен аға» мен «бауырлар» арасындағы қатынастардың орын алуы заңдылық. Есесіне, Украинаның шығарған өніміне Ресей нарығында тұрақты түрде сұраныс болады. Яғни, Ресей нарығындағы төмен бәсекелестікке Украин тауарлары мен өнімдері төтеп бере алады. Яғни терең экономикалық дағдарысты орын алуы ерекше. Бұл жағдайда Украин экономикасы да Ресей экономикасы секілді біртіндеп «эволюциялық» жолмен жаңарады. Бұл процесс өте ұзаққа созылуы мүмкін. Бірақ, мемлекет бірден күрделі әлеуметтік шоктарға жол бермейді. Әрине ғаламдық деңгейде Ресей экономикасының бәсекеге қабілеттігі төмендей береді және уақыт өте келе құлдырап кету мүмкіндігі жоғары. Себебі, Ресей экспортының негізгі көрсеткіші табиғи ресурстар екендігін ескерсек, бұл тектес экономиканың құлдырау және жойылу мүмкіндігінің жоғарылығын түсіну қиын емес. КСРО-ның ыдырауына ықпал еткен факторлардың бірі әлемдік нарықтағы мұнай мен газ құнының құлдырауы болғандығы белгілі. Бұл жағдайда Украин экономикасы да осы тәуекелдерді ескеруі керек болады. Бірақ бәсекелестік тұрғысынан украин компаниялары Ресей нарығына еркін кіру арқылы өз әлеуетін күшейтуі де мүмкін.
Еуропалық одақ экономикалық даму қарқыны әр түрлі мемлекеттердің бірлестігі. Мәселе мұнда өте табысты Германияның қасында қаржылық дағдарыстан бас көтере алмай келе жатқан Греция да бар. Еуропалық одақ деңгейіндегі интеграция деңгейіне жеткен елдер өз экономикалық егемендігінің шектелгендігімен келісуге мәжбүр болады. Еуропалық одаққа мүше болу Еуропалық өмір стандарттарына алып келеді деген де жаңсақ пікір. Еуропаның құрамына кіріп әлеуметтік жағдайы нашарлаған мемлекеттердің саны күн санап артып келеді. Бұлардың қатарына Болгария, Румыния, Словакия секілді елдерді былай қойғанда бүгінгі ғаламдық экономикалық дағдарыстан жапа шеккен Италия мен Францияны да жатқызуға болады. Яғни Еуропа одағына мүшелік, еуропалық өмір стандарттарына кепілдік бермейді. Дегенмен, Еуропалық одақ әлемдегі ең қуатты нарықтардың бірі. Тұтыну мүмкіндігі өте жоғары. Дегенмен, бұл нарықта жақсы орынға ие болу үшін қуатты бәсекелестікке төтеп беру керек. Яғни көптеген жылдар бойы қалыптасқан нарықтық бәсекеде орын алу ондай оңай болмасы белгілі. Оның үстіне Еуропа біржақты нарығын ашып қоймайды. Яғни Украина да өз нарығын ашуға мәжбүр болады. Бұл жағдайда Украин экономикасы бәсекелестікке төтеп бере алмай терең дағдарысқа тап болуы мүмкін. Терең экономикалық дағдарыс Украинадағы жұмыссыздық пен әлеуметтік жағдайды күрделендіріп жіберуі мүмкін. Дегенмен бұл дағдарысты басынан өткергеннен кейін Украина Еуропадан келген жаңа технологияларды игере отырып, біртіндеп әлемдік нарықта өз орнын табу ықтималдығы жоғары.

Сонымен экономикалық тұрғыдан жақын аралық тұрғыдан Ресеймен байланысты нығайту тиімді болса, ұзақ мерзімді басымдық тұрғысынан Еуропалық одақпен ынтымақтастықтың тиімділігі жоғары.
Оның үстіне кез-келген интеграцияның саяси құрамы да бар. Бұл тұрғыдан тәуелсіз Украин мемлекеттігіне қарсы тұрған Ресейге қарағанда, өзара теңдік қағидаларына арқа сүйейтін Еуропалық одақтың басымдығы айқын. Қалай болған күнде де бұл таңдау Украин халқының егеменді құқыққа негізделген таңдауы болмақ. Ал көршілес мемлекеттердің бұл таңдауды силап, мойындауы олардың саяси пісіп-жетілгендігін көрсетсе керек.

Шыңғыс Ергөбек