Париждің Елисей алаңындағы бульварда шабуыл болып, салдарынан бір полицей қаза тауып, екеуі жараланған.
Франция билігі Парижде болған атыс бойынша жағдайды анықтап жатыр, деп хабарлайды ТАСС.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Францияның премьер-министрі Бернар Казнев Париждің орталығындағы Елисей алаңында полиция қызметкерінің өлтірілуіне байланысты республика президенті Франсуа Олланмен кеңесу үшін жедел түрде Елисей сарайына келді.
Франция астанасының орталығында болған оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 21-00-де басталған. Белгісіз біреулермен болған атыс барысында бір полиция қызметкері мерт болған, тағы екеуі жарақат алды, олардың бірінің жағдай қазір өте мүшкіл. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, оқ атқан адам оқиға орнында өлтірілген, алайда полиция қызметкерлері оның сыбайласы болуы мүмкіндігін де жоққа шығармай отыр. Ол оқиға болған жердегі көлік тұрақтарының бірінде бой тасалап жүруі мүмкін.
Елисей алаңы - республика президентінің жұмыс резиденциясы - Елисей сарайына жақын маңда, қаланың батыс бөлігінде орналасқан, Париждің ірі даңғылдарының бірі. Қазіргі таңда авеню толығымен қоршауға алынған. Дүкендер мен мейрамханалардың барлығы жабылды. Метро станциялары бақылауға алынды.
Болған оқиғаны ескерген ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті Францияның аталмыш қаласында жүрген қазақстандық туристерді қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Мәденимет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті Париждегі қазақстандық туристерге оқиға болған орыннан, сондай-ақ адам көп шоғырланатын жерлерден алыс жүруге, полицейлердің нұсқаулықтарын орындауға кеңес береді. Францияға сапарлар ұйымдастыратын туроператорларға болуы мүмкін қауіптер мен қауіпсіздік талаптары туралы клиенттерді алдын ала ескерту ұсынылады», - делінген таратылған хабарламада.