Қытайлық ақпарат құралы қазақ халқының намысына қорлауда
Қытайдың интернет кеңістігіндегі ең үлкен электронды ақпарат құралдарының бірі болып саналатын Шинлаң (sina.com.cn) сайтында қазақты қорлап мазақ еткен мақала жарық көрді. «Естелік» ретінде жазылған мақаланың авторы зейнет жасындағы Хұң Бау (суретте) деген режиссер. Ол кезінде Шыңжанда әскери қызмет өтепті. Сол кезде қазақтарды көп көргенін, аралас-құралас болғанын айта келе «қазақтар өте меймандос, қонақжай халық, қыдырып барып үйіне қонған қытайлардың қойнына оң жақта отырған үлкен қыздарын салып береді, осылай талай қыздың дәмін таттым» деп қазақтардың дәстүріне, болмысына қайшы келетін, ұлттық-ар-намысын қорлайтын жалған ақпарат берген. Хұң Баудың екі бөлініп жарық көрген осы мақаласына орай (мында http://blog.sina.com.cn/s/blog_4e70a00f0100a0fa.html http://blog.sina.com.cn/s/blog_4e70a00f0100a210.html) Қытайдағы қазақтар арасында үлкен наразылық туындауда. Алайда, наразылық тек интернет сайттардан аса алар емес. Қазақ тілінде жарық көретін ақпарат құралдарының барлығы да бұған наразылық танытуда.
Жалпы, қазақтың, қазақ ғана емес, мұсылман әлемінің ең нәзік мәселесі - әйел затының ар-намысын қорлауға қатысты жалған ақпараттардың жариялануы бір бұл емес. Көнекөздердің бәрі білетін бір оқиға 1986 жылдары орын алған. Сол жылдары қытай тілінде «Алыстағы ақ отау» деген кітап жарық көріп, онда да тура осындай әңгіме айтылады. Кітап авторы «қазақ әйелдерінің көңілін табу қиын емес, әтір-сабын, айна-тарақ секілді заттар сыйласаң кез келген қазақ әйелі сенімен қойындас болуға көне кетеді» деп жазды. Бұл зор дау болып сол кездегі Қытайдағы қазақтардың үлкендері Жанәбіл секілді ақсақалдар ағайынға басу айтып, ал Үкімет анау жазушыны жазалап, мәселені сыртқа шығармай, Қазақстанның қазақтарының құлағына жеткізбей шешкен.
Ал жақында ғана Құлжада бір ұлты қытай жігіт қазақ жастарын қорлап, мазақ етіп оны видеоға түсіріп алып интернетке қойған. Интернет пайдаланушылардың наразылығы өршіп кетпес үшін билік орындары интернеттен әлгі видеоны жойып, оны түсіріп жариялаған азаматқа 15 күнге қамау жөнінде әкімшілік жаза қолданған.
Қытайдағы ағайындар әлгі режиссер Хұң Баудың жазбасын да үкімет интернеттен өшіріп қана шаруаны тамамдайды деп санайды. Қазір Қытайда қазақтарды кез келген көлденең көк атты басынатын болды. Сондықтан, әже-аналарымыздың, апа-қарындастарымыздың намысын қорлап, күйе жаққан Хун Бау Қытай заңдарына сәйкес «Ұлтараздығын қоздырғаны үшін» деп жазаланып екі жылға дейін сотталуы тиіс. Бұл сондағы ағайынның талабы. Бұл талаптарын қазақтар көшеде наразылық шеруін өткізіп үкіметке білдіруге дәрменсіз болып отыр. Себебі, биылғы жылдың 8-қарашасында Қытайда партияның ХVIII съезі болып, ел басшысы ауысады. Соған орай бұл күндері Қытайда көшеде адамдардың топтасып шеру өткізуіне қатаң тиым салынған. Қазақтар 100 адамнан артық бас қоса алмайды. Сондықтан бұл мәселені қазақ ұлтшылдары көтеріп, Қазақстан үкіметі атсалысып, тату көршіміз Қытай елінің елшілігіне наразылық хаттарын жолдау арқылы әлгі бүлдіргі режиссердің қатаң жазалануын талап етуміз керек. Әйтпеген күнде ертең ол өзі айтып жүрген әңгімесін кино қылып түсірсе (оның кинорежиссер екенін ескеру керек) нағыз масқара сонда болмақ.
Жалпы, бұл әңгіменің түп-төркінін бағамдаған адам оның Қытайдағы миллиондаған бойдақтарға бағытталып жазылғанын анық байқауға болады. «Сендер мұнда неғып жүрсіңдер, қазақтардың ортасына, қазақ еліне барыңдар, барлығыңа онда әйел табылады» деген ойды меңзеп тұр. Қытайлар далада жатқан қыз жоқ екенін, қазақтар қашан да ар-намысын жоғары қоятын ұлт екенін, тату көршілікке сызат түсіретін мұндай әңгімелерге төзбейтінін білуі тиіс. Егер Қытай үкіметі әлгі режиссерды жазалап, қазақ халқынан кешірім сұрамаған жағдайда біздің еліміздегі қытай ұлтының өкілдеріне оңай болмасын, ек елдің қарым-қатынасы салқындайтынын білуі тиіс.
Ағайын, намысымызды аяққа таптатып, ұлтымызды көрінген көк аттының қорлауына жол бермейік!
Автор: Ардабек СОЛДАТБАЙ
Дереккөз: "Шын" порталы
Пікір қалдыру