ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев БАҚ өкілдерінің еңбегін ескеріп, баспа, радио және интернет журналистика салысына арналған тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығын жариялады, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.
«Басты мақсат – талантты журналистер мен сапалы медиа-жобаларға қолдау көрсету», - деді Абаев Фейсбуктегі парақшасында.
Оның айтуынша, байқаудың қазылар алқасы журналистика саласының майталмандары мен қоғам қайраткерлерінен және сарапшылардан құралады. Қазылардың толық тізімі алдын ала жарияланады.
Сыйлық 15 аталым бойынша беріледі. Журналистиканың дәстүрлі салаларымен қатар, «үздік фотосурет», «Қазақстан туралы ең үздік танымдық материал» және «Қазнеттегі медиа серпіліс» сияқты бағыттар қамтылады.
Байқауға өтініш 7 мамырдан бастап el.kz сайтында қабылданады, сыйлыққа қатысты егжей-тегжейлі ақпарат та сонда жазылады.
Сондай-ақ, салтанатты марапаттау журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылатынын хабарлады.