Жоба 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл – «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ мен Төтенше жағдайлар министрлігінің (қазір – ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті) және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен идеясы.
2016 жылы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қосылды. Медицина пойызына келген әрбір жан келесі медициналық мамандықтардың білікті мамандарынан тегін тексеруден өтіп, ем ала алады, олар: терапевт, стоматолог, офтальмолог, оториноларинголог, хирург, педиатр, гинеколог, эндоскопист, кардиолог, невропатолог. Пойыз заманауи диагностикалық және емдік құралдармен, шағын-операция бөлмесімен, зертханамен, байланыс құралдарымен және телемедицина конференцияларын өткізу үшін – Интернетке қосылу мүмкіндігімен жабдықталған. Осылайша, республикалық үлкен клиникалардың үздік мамандары пойыздың медицина қызметкерлері штатына желі арқылы қосылады. Онкологиялық ауруларды, туберкулезді, қант диабетін және басқа да ауыр дерттерді ерте анықтау, яғни осы ауруларды бастапқы сатысында анықтау аса маңызды.
2017 жылы жоба «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ және «Әлеуметтік жобалар қоры» Корпоративтік қоры, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі аймақтық басқару органдарының қолдауымен сонымен қатар «Қазпошта» АҚ, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен іске аспақ.
2017 жылы медицина пойыздары келесі бағыттар бойынша жүреді:
«Саламатты Қазақстан» құрамы – 11 сәуірден 6 қарашаға дейін орталық, солтүстік, шығыс және батыс аймақтарға, «Денсаулық» құрамы – 18 сәуірден 20 желтоқсанға дейін оңтүстік және батыс аймақтарға барады.