Белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан Димаш Құдайберген жайлы эссе-кітабын жарыққа шығарды деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі stan.kz-ке сілтеме жасап.
“Музыка туралы тек музыкатанушылар жазсын деген ереже бар болса, мен ол ережеден кешірім сұраймын. Димаш жандүниеміздегі жансыз қалған дүниелерімізді қозғап жіберді. Біз Димашты тыңдай жүріп, ән тыңдаудың да жаңа орбитасына көтерілдік. Имидж жайлы жақ ашпаған кезеңдерімізде қанша нәрсе жоғалттық өзі? Димаштың имиджі жайлы жазбау мүмкін болмай қалды. Біз тіпті көрермен туралы бір ауыз әңгіме айтпаппыз. Басқа халықтың көрермені көрермен сияқты да, біздің қазақтың көрермені солардың көрерменіне қол соғушы сияқты. Ендігі жерде олай болмайды.
Залда отырған мына Сіз де, сол залдан шығып бара жатқан Ол да өнерге қанат бітірген құдыреттер. Димаштың өнеріне қол соққан қол шапалағымыздың үні күллі әлемді жалт қаратқандай. Біз тіпті Димаш арқылы өзімізді басқаша сезіне бастадық.
Ал Димаштың өзі шеберлігін қалай шыңдады? Жас таланттарды қабілетін сындырып алмай, шеберлік шыңына жеткізуге бола ма? Менің «Димаш» атты эссе-кітабым осы және басқа да мәселелерді қозғады. Ой қосып, пікір бөліскен Димаштың ата-анасы Қанат пен Светланаға зор алғысымды айтамын. Бұл жаңа туындым өлең емес, эссе. Жоғарыда айтылған мәселелерді қозғаған жаңа стильдегі дүние. Оқимын десеңіз – мархаббат. Таяу күндері «Меломан», «Flip.kz» кітап сауда желісі арқылы сауда орындарына түседі. Мұндай желідегі дүкені жоқ қала, ауылдардағы оқырмандарым фейсбук, инстаграм желілері арқылы жекеге өзіме хабарласса болады, көмекші қыздарым сатуды ұйымдастырып жатыр”, – дейді автор.
Пікір қалдыру