«ТҮРІКШІЛДІК НЕГІЗІМІЗ» - қайда жатыр?..

/uploads/thumbnail/20170710051312480_small.jpg

"Түрікшілдік" дегеннен — Батыс неге қорқады?
"Түрікшілдік" дегеннен — Шығыс неге қорқады?
"Түрікшілдік"- санада, Көкбөрі боп жортады,
Көк Түрік боп жортқан соң — олар үшін сор тағы.

Ұйқтап кеткен бір кезде оятатын алыпты,
Біріктіріп алатын түрік тілдес халықты,
Сонда да олар бұл сөзді қауіпті деп тауыпты,
"Түрікшілдік" дегенің — олар үшін қауіпті!

Жай отындай жарқылдап тасып тұрған жігері,
Кирдың басын кесіп ап Сыр бойында жүр еді.
Қыз да болса жалыннан жаратылған жүрегі,
"Түрікшілдік" дегенді – Томирис деп біледі.

Қара көктің тұқымы жаратылған Тектіден,
Сарбаздары шетінен жанып тұрған от кілең!
ҚаҺарынан ығатын алыс-жақын, шет кілең,
"Түрікшілдік" дегенді — Мөде қаған деп білер.

Батыстықтар үстінде бір от қамшы ойнайды,
Сауыт-сайман үстінде көрген адам тоймайды!
Қалың әскер шұбырып Реинды бойлайды,
"Түрікшілдік" дегенді — Атилла деп ойлайды.

Жаулап алған бір кезде алыс, алыс сырт елін,
Суыт жүрген жорықта кілең ерлер бір тегін.
Тарихымды несіне бүркемелеп, іркемін,
"Түрікшілдік" дегенді — деп ойлады Күлтегін.

Бумын қаған, Естеми, Білге қаған тағы бар,
Көк Түріктің ерлері саптан тағы табылар.
Тұлпарының астында — Батыс, Шығыс жалынар,
"Түрікшілдік" дегенің бұлардан да табылар.

Қанша ғасыр мызғымай Шын тағына қонатын,
Қырағы көз қырандай қиырларды шолатын,
Сары өзеннен суарар астындағы тоқ атын,
Құбылайдың қанында Түрік қаны болатын…

Баласағұни, Қашқари – ғұламасы Түріктің,
Өкілдері болатын Түрік деген ұлы ұлттың!
Шуағымен солардың мен өзімді жылыттым,
Білімімен солардың Түрік болып біріктім!

Үнді жерін ұлтына Отан етіп таңдады,
Жүзеге асты осында Бабыр…ЖиҺан арманы…
Жүріп тұрған олардың екі жаққа заңдары,
Ол да Түрік болатын — Ұлы Моғол хандары.

Түрік болып туғанмен өмір бойы бір жүрмес,
Тарихты білмейтін — шын мәнінде дым білмес!
Арық қазған арманнан далаларға су жүрмес,
Мысыр елін билеген Бейбарысты кім білмес!

Бәрінен де асып тұр Түріктердің сәулеті,
Бәрінен де асып тұр Түріктердің дәулеті!
Айта берсем шежіре — тарихтың әр беті,
Жарты әлемді билеген — Османғазы әулеті.

Қожа Ахмет Иасауи — бар Түріктің бесігі,
Осы адаммен танылған Суфизмнің есімі.
Айтты, бітті, болады! — Ер Түріктің кесімі,
Бар Түрікке ашық тұр — Түркістанның есігі!

"Түрікшілдік" негізін - қалағандар кім десең?
Онда тізіп айтайын есімдерін білмесең:
Ең бірінші — Ақшора, Атсыз және Гөкалып,
Гаспыралы, Шоқайлар — Ер Түрікке күн көсем!

"Түрікшілдік" - өлеңнің қай жағынан бай ұлы,
Ұлы Мағжан бір өзі — бар Түріктің шайыры!
"Түрікшілдік" болады — үмітімнің қайығы,
Дәл осында жатқандай — бар нәрсенің байыбы.

Көк Түріктің көкпеңбек аспан түстес байрағы,
Көк байрақты көргенде еске түсер қайдағы!
Қанша мың жыл өткенде қайта түлеп, жайнады,
Көк Түріктің бесігі – Ұлы Дала аймағы!

Бүкіл далам қайтадан от тигендей дүркірер,
Ұйықтап кеткен ер халық қайтадан бір сілкінер!
Барша Түрік той жасап, қайтадан бір тың түлер,
Түптің түбі көп Түрік — осы жерге ту тігер!!!


Жұмаш Кенебай,
(Сонау 2003 ж. жазылып, 04.05.2017 ж. қайта өңделді)

Қатысты Мақалалар