Елордада Жеңістің 72 жылдығына орай көрме ашылды

/uploads/thumbnail/20170710052452567_small.jpg

Астанадағы Ұлттық музейде 4 мамырда Жеңістің 72 жылдығына арналған көрме ашылды, деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі.

Хабар арнасы тілшілерінің хабарлауынша, онда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің фотосуреттері, жеке заттары мен тарихи жәдігерлер қойылған. Қанды шайқасты бейнелейтін диорамаларды да кездестіруге болады. Көрме екі апта бойы өтеді. Мақсат – жастарды отансүйгіштікке баулып, елі үшін жанын пида еткен батырлардың есімін жаңғырту.

«Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды!» Ұлы жеңісті сыйлаған жауынгерлер ерлігі мәңгілік ел есінде. Өскелең ұрпақ та оларды құрметтеуге әрі үлгі тұтуға міндетті. Бүгінгі Ұлттық музейде ұйымдастырылған Жеңістің 72 жылдығына арналған көрме қаһармандарымыздың ерлігін дәріптейді. 

"Барлық құжаттар мұрағаттан алынған. Көрмеге соғыс ардагерлерінің суреттері, медальдары және жеке заттары қойылды. Тіпті жауынгерлердің хаттары бар", - дейді ҚР Ұлттық музейі экспозиция және көрме қызметінің жетекшісі Тоғжан Әділбекова.

 Өз жерін жауға таптатпай, шыбын жандарын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша шайқасқан батырларымыздың ерліктерін баяндайтын кітаптар да көрмеге қойылған. Сұм соғысқа төтеп берген жуынгерлердің қару-жарақтары мен жеке заттары бүгінде мұражайдың басты жәдігерлеріне айналған.

Мәншүк Мәметова Максим пулеметімен талай жаудың көзін жойғандығы белгілі. Әрине, бұл пулеметтің реставрация жасалған түрі. Көрмеге 150-ден астам экспонат қойылған. Олардың барлығы 1941-45 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысынан сыр шертеді.

ҚР Ұлттық музейінің қызметкері Серік Әбдірахманов тарихи фотоларға қарап, орналасқан жердің реконструкциясын жасаған. Оның айтуынша, әр жасалған дүние эстетика жағынан балалардың моторикасын дамытады, әрі көрермендер өткен шайқастардың техникасы қалай болғанын көреді.

Біз сұм соғысты көрген жоқпыз. Ол үшін 72 жыл бұрын жеңіс сыйлаған қаһармандарымызға қарыздармыз. Қаншама жауынгер ұрыс даласынан қайтпай қалды, қапыда қолға түскендері неміс тұтқынында азап шекті. Елі үшін жанын пида етті.

Қатысты Мақалалар