Жайық суы тасып жеті хан жерленген Сарайшықтағы жұмысты тоқтатып тастады

/uploads/thumbnail/20170710052508801_small.jpeg

Жайық өзенінің тасып, судың көтерілуіне байланысты жеті хан жерленген Сарайшықты судан қорғау жұмысы уақытша тоқтатылды деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі Атырау облысы баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Жағаны бекітумен айналысып жатқан бас мердігер “АИС-Астана” компаниясының өкілі Асқар Төленовтың айтуынша, жұмыстың уақытша тоқтайтыны әуел баста белгілі болған, сондықтан бұл кідіріс 2018 жылы аяқталуы керек жобаның ұзақтығына әсер етпейді. Ол жұмыстың үш күн бұрын тоқтағанын айтты.

Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөнiндегi Жайық-Каспий бассейндiк инспекциясының басшысы Ғалидолла Әзидуллиннің айтуынша, бүгін Жайықтағы су деңгейі 365 сантиметрге дейін көтеріліп, 672 сантиметрді алқымдаған. Ал аймақтағы қауіпті деңгей – 850 сантиметр. Ғалидолла Әзидуллин судың бұл қауіпті көрсеткішке жетпейтінін болжап, тілсіз жаудың маусым айының басында қайта бастауы мүмкін екенін айтты.

Ал, бас мердігер компания өкілі барлық қауіпсіздік шараларының жасалғанын айтты.

“Жұмысты тоқтатпас бұрын жағаға топырақ салынған қапшықтарды тізіп қойдық. Бұны ағыс-толқынның жарға соғуын барынша бәсеңсіту үшін жасадық”, – дейді ол. Өкілдің айтуынша, су қайтқан соң мамандар бірден іске кіріседі.

Асқар Төленов тиісті 6000 шаршы метр бетонның үштен бірінің құйылып үлгергендігі жеткізді.

Айта кетелік, былтыр Атырау облысының әкімдігі 1,5 миллиард теңге қарастырып, көне шаһарды шайып бара жатқан Жайық өзенінің жағасын бекітуді бастады.  Одан кейін Мәдениет және спорт министрлігі ежелгі қаланы қалпына келтіру үшін тағы 100 миллион теңге бөлетінін мәлімдеді. Сарайшық қаласын туристік орталыққа айналдыру үшін кәсіпкерлерді тарту жоспарланып отыр.

Көне шаһар Атырау қаласынан 45 шақырым жерде Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Алтын орда хандығының саяси, экономикалық орталықтарының бірі болған қала Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы атанды. Жібек жолының бойында тұрған мұнда 7 хан жерленген. Олар: Мөңке, Тоқтағу, Жәнібек, Әмір Оқас, Қасым хан, Ших Мамай және Жүсіп хандар.

Қатысты Мақалалар