Австрия соты Фейсбук әлеуметтік желісіндегі қорлау мақсатында жазылған жазбаларды өшіруді тапсырды, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі. Мұндай шешімді ғаламтордағы әлеуметтік медиамен күресуші белсенділердің жеңісі деп танимыз.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметіне сүйенсек, шағымды Австрияның жасылдар Партиясы түсірген болатын, себебі партия басшысының әлеуметтік желідегі жазбаның кесірінен абыройы тапталған.
Венаның апелляциялық соты Фейсбук желісіндегі Эва Главишингті қорлау мақсатында жазылған жазбаларды, топтарды өшіруге бұйырды.
Әлеуметтік желі өкілдері сот шешіміне қатысты әзірге үн қатпады.
Жасылдар Партиясының депутаты Дитер Броз Фейсбук агрессияға қарсы күрес үшін жауапкершілікті арқалау керектігін айтты.
Фейсбуктен бөлек, Twitter, Google секілді алып ғаламтор желілері агрессия тудыратын пікірлерді өшіріп отырмағаны үшін көптеген мемлекеттерде сынға алынған.
Айта кетер болсақ, сәуірде неміс билігі әлеуметтік желілерге 53 млн доллар көлемінде айыппұл салған.
Бүгінде компания мәселелермен күресудің жолдарын іздестіруде. Фейсбук өкілі желідегі агерссиялар мен зорлыққа қатысты дүниелермен күресу үшін 3 мың адам жұмылдырылады деп уәде етті.
Google іздеу жүйесін ретке келтіруге сөз берді. Ендігі жолы адам өзіне керекті ақпаратты іздегенде Google әлеуметтік желісі агрессия тудыратын, сондай-ақ жасанды мәліметтердің шықпауын қадағалайтын болады.
Дайындаған: Гүлім ЖАҚАН