Әлемге әйгілі бренд, балалардың сүйікті ойыншығына айналған Барби қуыршағының айтарлықтай тарихы бар. Аталған ойыншық түрі сонау өткен ғасырдың орта шенінен бері, дәлірегі, 1959 жылдан бері сатылып келе жатыр. Алайда, соңғы жылдары бұл қуыршаққа сұраныс азайған. Менеджерлер енді оны өткізудің жаңа тәсілін тапқан сыңайлы: қуыршаққа хиджаб кигізу арқылы сұранысты арттыруға болады деп санайды. Бұл жолы хиджабты қуыршақты өткізу мақсатында пайдаланып отыр деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі islam.kz сілтеме жасай отырып.
Өткен айда Питтсбургтің үш тұрғыны, дәлірегі, Жизель Феттерман, Сафа Бұхари және Кристен Майклзаналар есімді аналар қыз балаларға «Hello Hijab» киім үлгісіне арналған жаңа брендті ұсынды. Ол Барби қуыршағына шақ келетін киім үлгісі. Олардың бұл қуыршақ түріне сұраныс жоғары екен. «Hello Hijab» Питсбургте жасалған.
«Түскен табыстың барлығы, яғни, 100%-ы мультимәдениетті қорғайтын ұйымның жұмысына қолдауға жұмсалады»,- деді қуыршақты хиджабпен сәндеушілер. Сондай-ақ, нигериялық медик Ханифа Адамның Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жиі жарияланатын хиджаб кигізілген қуыршағы - Hijarbie жобасы да ғаламтор пайдаланушылар тарапынан қолдау тауып келеді.
Дайындаған: Әсел Өтешова