ERG компаниясының ұйымдастыруымен Халықаралық «Батырлар жолымен» жобасы аясында Старая Русса қаласында баспасөз туры өтті деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі. Аталмыш тур екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталып, фашистік Германияның жеңіліс тапқан күніне орай ұйымдастырылды. Қазақстаннан Ресейге оннан астам БАҚ өкілдері барды. Баспасөз турының дәл Новгород облысы Старая Русса қаласында өтуі бекер емес.
1942 жылдың ақпан мен мамыр айлары аралығында 16-шы неміс армиясының 2-ші армиялық корпусының негізгі күштері дәл осы жерде қоршауға алынған. Новгородтағы Торопецко-Холмск, Демянс әскери операциясы сәтті өтуіне Қазақстанда жасақталған әскери бөлімдер өлшеусіз үлес қосқан. Оның ішінде Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың сүбелі үлесін айтпасқа болмас. Төлеген Тоқтаров бір күнде 150-ден астам фашистің көзін жойған. 1942 жылы жаудың 7 әскерін жойып, екеуін тұтқынға алған. Дәл осы жылдың 9 ақпанында батыр Бородино ауылы үшін болған ұрыста дұшпандар мен ротаның ара қашықтығы 100 м. қалғанда ол алға ұмтылды. Жау кейін шегінді.
Баспасөз турының алғашқы күні Қазақстаннан келген бір топ журналистер қауымы Старая Русса қаласындағы мұражайға бас сұқты. Онда екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскердің киген киімі, пайдаланған ыдыс-аяқтары мен қару-жарақтар, соғыс туралы хабар беріп отырған газет, журналдар сақталған.
Онда Кеңес Одағының батыры, 3-ші екпінді армияның 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы 1075-полкі құрамындағы 23-ші атқыштар полкінің автоматшысы Төлеген Тоқтаров туралы деректер cақталған.
Соғыс жылдарынды ерлікпен қаза тапқан Мұхамедқұл Исламқұл туралы да деректер бар. Ол 1073 атқыштар тобының командирі болған. Мұхамедқұл Исламқұл соғыстағы ерлігі үшін Қызыл жұлдыз орденімен марапатталған. Батырды Мәскеу түбіндегі Бородинода қаза тапты деп ойлап, 2014 жылға дейін жатқан жерін іздестіріп, таппаған. Кейіннен оның Төлеген Тоқтаров жерленген жерде көмілгені белгілі болды.
Баспасөз турының екінші күні қазақстандық БАҚ өкілдері Еуразиялық Топ құрамындағы алюминий өндірісі дивизионының «Қазақстан Алюминийі» АҚ және «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ жұмыскерлерінен жасақталған «Майдан жолы» патриоттық іздестіру жасағыны қосылып, бірлесіп екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан даласында қалған мина, оқ дәрілер, жауынгерлердің сүйегі, әскерилердің қабірін іздедік. Соның нәтижесінде батырлардың соғыс кезінде киген каскаларын таптық. Оның ішінде неміс әскерінің де каскалары бар. Соғыс уақытында жарылмай, көмілу күйінде қалған миналар табылды.
Старая Русса қаласын неміс әскері тек 1943 жылы ғана босатқан. Ол уақытта барлық үй қирап, тірі жан қалмаған. Көшеде тек бір шіркеу мен бірнеше үй ғана қирамаған.
Неміс әскері тұтқынға алған Страя Русса қаласының тұрғындарының күшін пайдаланып орманның ортасынан жол салу мақсатында тұтқындарға тас төсеткен. Іздестіру тобымен жұмыс істеу барысында дәл сол жолмен жүріп өттік. Жол әлі де сақталған. Осыдан 75 жыл бұрын кескілескен ұрыс өткен орманмен жүріп өттік.
Айта кетейік, «Майдан жолы» патриоттық іздестіру жасағы тоғыз жылдан бері Қазақстан мен Ресей аумағында жұмыс жасап келеді. Алғаш 28 панфиловшылардың ерлігін қайталаған павлодарлық батыр Павел Дубовыйдың басына граниттен ескерткіш орнатты.
Ал 2009 жылы Синявинск төбесіндегі ұрыс болған жерді зерттеуге қатысты. 2010 жылы Синявинск төбесіне ескерткіш орнатты. Осы уақытқа дейін талай істер атқарып келді. Және осындай абыройлы істерін ары қарай да жалғастыра бермек.
«Майдан жолы» іздестіру тобы Төлеген Тоқтаров пен басқа да жауынгерлердің жатқан жерін сырлап, тазалық жұмыстарын жүргізуде.
Төлеген Тоқтаров Новгород облысы Старарусское ауданы Бракловца ауылында жерленген.
Старая Русса қаласында Төлеген Тоқтаровтың атына бір көше берілген. Қазақстандық журналистер аталмыш көшеге барып түсірілім жұмыстарын жүргізді. Көшенің атауы Төлеген Тоқтаровтың атында болғанымен, батырдың есімі қате жазылғаны қынжылтты. Алайда Төлеген Тоқтаровтың ескерткішінің ашылу салтанатына келген Ресейдің Қазақстандағы Бас Консулдығының Бас консулы Ермек Пірімбетовке қателер жайында журналистер тарапынан уәж айтылды. Жақын уақытта аталмыш қателік түзеледі деген үміттеміз.
Қазақстандық БАҚ өкілдерінің Ресейдің Новгород облысы Старая Русса қаласына келудегі басты себептерінің бірі - Төлеген Тоқтаров ескерткішінің ашылуына қатысу.
Ең алдымен аталмыш қаладағы «Победа» саябағында ескерткішті ашу ойда болған екен. Алайда онда тек Старая Руссада дүниеге келгендердің ғана ескерткіші орнатылады екен. Осыған байланысты әкімшілік қаланың басқа бөлігінен жер бөліп берді.

Ескерткіштің ашылу салтанатына айтып өткендей Ресейдің Қазақстандағы Бас Консулдығының Бас консулы Ермек Пірімбетов, жергілікті билік өкілдері, жергілікті БАҚ, Страя Русса қаласының тұрғындары қатысты.

Ескерткіш ашылмас бұрын соғыста қаза болғандардың құрметіне 1 минут үнсіздік жарияланды. Соғыс тақырыбында әндер шырқалды. Жергілікті мектептің оқушылары үстеріне Төлеген Тоқтаровтың суреті бейнеленіп, есімі жазылған жейделерді киді.
"Мадан жолы" іздестіру тобының мүшелері арнайы грамоталармен марапатталды. Олар Қазақстанның Павлодар қаласындағы "Қазақстан электролиз зауыты", мектепте жұмыс істейтін қызметкерлер еңбек демалысын алып арнайы іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін келген еріктілер.
Осылайша Старас Русса қаласында салтанатты түрде Төлеген Тоқтаровтың ескерткіші орнатылды. Қазақ батырының ескерткіші Шығысқа қарай, Отаны Қазақстанға сағынышпен көз салып тұрғандай.
Алматы-Астана, Астана-Санкт-Петербург, Санкт-Петербург-Мәскеу, Мәскеу-Астана, Астана-Алматы
Қамшыгер: Әсем ӘЛМҰХАНБЕТ