2030 жылға дейінгі кезеңге Зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы үкіметтің жасаған жаңа тұжырымдамасымен танысқан Мәжілістегі компартия фракциясы оны халықтың жоғын жоқтаған құжат емес деп тапты.
Жалпы, зейнетақы жинақтау жүйесі орташа еңбекақыдан артық алатындарға ғана тиімді екені баяғыдан белгілі болған. Біздің, ауылда тұратын 7,7 млн. ағайынның жұмыс істейтінінің орташа еңбекақысы 64500 теңге ғана. Ал жекеменшік қосалқы шаруашылығы және басқа да табыс көздерімен өзін-өзі асырап отырғандарының айлық орташа табысы жан басына шаққанда тіпті 32400 теңге ғана. Осындай табыспен олар қарттығын қамтамасыз ете алатын зейнетақы қордаландыра ала ма? Әрине, қордаландыра алмайды. Демек, әркім өздеріне өзі қордаландырсын деген мына тұжырым ақсақалдарымыздың негізгі бөлігін ертеңгі күні қиын жағдайға тап қылатыны сөзсіз.
Оның үстіне зейнетақы қорының табыстылығын арттыру мәселесі де «Қазақстанның қаражат секторын дамыту» атты тұжырымдамасына енеді деген үміт те кесіліп отыр. Бүгінгі күні зейнетақы қорындағы қаражат барлық банк активтерінің төрттен бірін құрайды. Алайда соған қарамай оның қаражат секторының қатарына енгізілмегені қызық. Егер қаражат секторына енгізілсе оны инвестиция ретінде өсімді жобаларға салуға болатын еді. Сөйтіп, өздігінен табыс табуға жол ашылатын еді ғой.
Аталмыш тұжырымдама зейнетақы қорына тек банктердің тұрақтылығын сақтау мен қордаландыру рөлін ғана берген. Бұл – зейнетақы қоры тек банкіге қызмет етеді деген сөз. Сондықтан оның өсімі туралы сөз қозғаудың өзі артық. Мәжілістің соңғы пленарлық отырысында коммунистер фракциясы депутат Айқын Қоңыровтың аузымен осындай мәселелерді айта келіп, Премьер-министр К.Мәсімовтен мынадай мәселелерге жауап беруін сұрап, депутаттық сауал жолдады:
«Біз жоғарыда өзін-өзі асырап отырған табысы аз тұрғындар мен еңбекақысы төмен жандардың жинақтаған қоры мүлде аз болатынын айттық, сонда үкімет оларды ертеңгі күні зейнетақымен қалай қамтамасыз етпек?
Азаматтардың зейнетақы қорынының табыстылығын арттыру туралы үкімет қандай шаралар жоспарлап отыр? Егер ондайлар бар болса, айтуыңызды өтінеміз.
Сонымен қатар коммунистер К.Мәсімовке зейнетақы қорының қаражатын қалаларда тұрғын-үйлер салуды инвестициялауға жұмсау керектігін айтып, ұсыныс жасады. Сонда бұл қаражат жоғалмай, еліміздегі тұрғын-үй мәселесінің шешілуіне қатысып, ғимарат ретінде қалқайып тұрар еді ғой деп ойлайды коммунистер. Бірақ оларды өзім ғана білемін дейтін үкімет қолдай қояр ма екен? Оны енді болашақ көрсетеді.
А.Алпысбаев
Пікір қалдыру