Алжирлік 3 жасар сәби Абдур Рахман Фарахтың тілі Құран тілінде шыққан. Анасының айтуынша, екі жасқа дейін бір ауыз сөз айта алмаған ол ғайыптан “Кәһф” сүресін еш қиындықсыз айта жөнелген екен, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі mazhab.kz басылымына сілтеме жасап.
Ол сонымен қатар, жергілікті “Әл-Афасий” арнасын көріп отырып, Құран сүрелерін жаттай бастаған. Кей сүрелерді анасы намаз оқыған кезде жадына түйген. Балаға аяғы ауыр кезінде үнемі Құран оқып, жұма сайын “Кәһф” сүресін, күн сайын “әл-Мулк” сүрелерін үзбей оқыған бақытты ана сәбиінің түнгі дұғаларды естімей ұйқтамағанын жеткізеді.
АбдурРахман осы кездің өзінде тәджуидтің шартына сай, Құранды сөзбе-сөз оқиды. Ал әкесі болса балаға бес жасқа дейін Құранды толық меңгерудің бағдарламасын жасап шығыпты. 3 жасар ұлының қарым-қабілетін байқаған әке қазіргі уақытта Құранды дұрыс оқытуды мойындарына алатын медреселердің біріне баланы табыстауды ойлап жүр.