Бүгін Астанада Құрлықтық хоккей лигасы мен елордалық «Барыс» хоккей клубы арасында Астанада Хоккей жұлдыздарының аптасы 2018 шарасын өткізу туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі Астана қаласының ресми сайтының мәліметіне сүйеніп.
Салтанатты рәсімге ҚХЛ президенті Дмитрий Чернышенко және Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қатысты. Қол қойылған меморандум Астанада 2018 жылғы қаңтардың 10-ынан 14-іне дейін Хоккей жұлдыздарының аптасын өткізуді қарастырады және оған бір форматта Әйелдердің Хоккей Лигасы Жұлдыздарының матчы, Ерлер хоккей Лигасының Үндеу Кубогі, ҚХЛ Жұлдыздарының матчы, соның ішінде шеберлік-шоу кіреді.
«Аталған меморандумның маңызы зор. Астанада хоккей жұлдыздарының аптасын өткізу – қуанышты әрі құрметті оқиға. Лиганың үздік ойыншыларының өнері «Барыс» жанкүйерлері үшін ғана емес, Астананың барлық тұрғындары үшін ұмытылмас оқиға болатыны анық. Елорда бірнеше күнге Еуразияның хоккей астанасына айналады», - деп мәлім етті қала басшысы. Сондай-ақ, әкім Лига басшылығымен бірге елорда әкімдігі жарыстардың жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтуі үшін шаралар қабылданатынын жеткізді.
Шолушы: Айгерім Таубай