Мемлекет басшысы Назарбаев Университетінің ректоры Шигео Катсуды қабылдады, деп хабарлайды Қамшы ақпарат агенттігі Ақорданың ресми сайтының мәліметіне сүйеніп.
Елбасына білім беру мекемесінің жұмысы мен алдағы даму жоспары баяндалды. Шигео Катсу 7 жыл ішінде Университет әлемнің жетекші білім ордаларының тәжірибесін меңгеріп, меритократия қағидасы енгізілгенін тілге тиек етті. Жаңашылдық еліміздің ең үздік студенттерін іріктеуге пәрмен бергені айтылды. Сондай-ақ білім ордасының басшысы университет жанындағы зерттеу институты оң жолға қойылғанын атап өтіп, биыл Назарбаев Университетінің түлектері үшінші рет түлеп ұшатындығын жеткізді.
Шигео Катсу, «Назарбаев Университеті» дербес білім беру мекемесінің президенті: -Мен Мемлекет басшысына Назарбаев Университетінің даму қарқыны жайлы баяндадым. Биыл біздің білім ордамызға жеті жыл толды. Университеттің әлеуетін арттыра түсу үшін үнемі тынымсыз тер төгіп, заман талабына сай болу қажет. Осындай мықты зерттеу институты ел игілігіне қызмет етіп, тың технологияларды игеруге пәрмен береді.
Шолушы: Айгерім Таубай