«Көк жайлауда құрылыс басталып кетті. Достар, табиғаты тамаша мекенді қорғайық! Жерімізді, талымызды, орманымызды ұрпағымыз үшін сақтайық! Іске көшейік!»
Дәл осындай мазмұндағы үндеу әлеуметтік желіде таралып кетті. Таралуына себеп те көп. Алматы дегенде кез-келген адамның көз алдына біріншіден Іле-Алатауы еске түседі емес пе? Қалың орман, жасыл алқап, жайқалған гүл, ең бастысы иісі мұрын жаратын алмалар мен апорттар. Иә, алматылықтардың, тіпті қазақстандықтардың мақтануға тұрарлық ең ғажап жерлерінің бірі Алматының алып таулары. Жеріміздің көркем мекенін бәрі көрсін деген ниетпен 1996 жылы 22 ақпанда ҚР Үкіметі Қаулысымен Іле-Алатауының мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылған. Аталмыш парк Орталық Азиядағы ерекше қорғалуы тиіс табиғи аймақтардың ішіндегі ең ірісі. Қорғалуы тиіс еді, бірақ жеріне көз сұққандардың қарасы көбейіпті.
Фейсбук қолданушысы Салтанат Тәшімова парақшасына тау басында орналасқан Көк жайлаудың мүшкіл хәлі жайында видео салған екен.
«Іле-Алатауы ұлттық саябағының жерінде құрылыс жұмыстары басталды. Бұл құрылыс түбегейлі заңға қайшы екенін айта кеткен жөн. ҚР Қылмыстық кодексінің бабына сәйкес іс қозғалуы тиіс. Жалпы, құрылысшылар Қызыл кітапқа енген 467 сиверс алма ағашын жойды, 22000 Тянь-Шань шыршаларын шауып тастады. Елді мекенде сирек өсетін өсімдіктердің көзі жойылды. Халық бұл құрылыстың түбінде жемқорлық жатқанын айтып шуласуда. Құрылыстың басы қасында салық төлеушілер жүрген көрінеді», делінген Фейсбук қолданушысының жазбасында.
Қамшы ақпараттық агенттігінің тілшісі бұл үндеуді толығымен қолдап, көрермен назарына ұсынады. Табиғаттың әсемдігін қорғау, таза ауасын сақтау 10 шақты адамның қолынан келе қоймас, үндеу барша қазақстандықтарға арналады. Әр азамат өз еліне тиесілі жердің әр бұрышы үшін жауапты болуы тиіс. Өзі үшін де, өскелең ұрпақ үшін де...
Шолушы: Гүлім Жақан
Пікір қалдыру