Талдықорған қаласының құтқару қызметі соңғы екі тәулік бойы екі жастағы қызды іздестіру жұмыстарын атқаруда деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Екі жастағы қыз 13 мамыр күні Қаратал мен Балықты аудандары аралығында жоғалып кеткен. Жоғалған баланың анасының айтуы бойынша, қыз аз уақытқа ғана қараусыз қалған. Бастапқыда әйел қызды өзім іздеп тауып алам деп ойласа керек, кейінірек бұл іздестіруге жоғалған қыздың әкесі де қосылған. Іздестіру барысында қыздың бір аяқ киімі Балықты өзенінің бойынан табылған. Ал екінші аяқ киімін судың ішінен тапқан.
Қазіргі уақытта баланы іздестіру жұмыстарымен полиция қызметкерлері мен құтқарушылар айналысуда.
«Іздестіру жұмыстарына облыстық Төтенше Жағдай Департменті қосылды. Қажетті техника қайық т.б қамтамасыз етілуде. Балықты өзенінің айналасы қаралған. Қазір Қаратал өзенінің бойында іздестіру жұмыстары жүргізілуде»-дейді облыстық ТЖД-нің баспасөз хатшысы Азамат Жұртбаев.
Шолушы: Назерке МҰСА