Қарағандыда көне домбыра табылды

/uploads/thumbnail/20170710065634005_small.jpg

Қарағандыда бұдан бір ғасыр бұрын жасалған көне домбыра табылды, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Қазір бұл құнды жәдігер шертпе күй орталығының жетекшісі Қайролла Сәдуақасовтың қолында сақтаулы тұр. Қайролла Сәдуақасовқа ұлттық аспапты Мойынты ауылында тұратын Рахманали Әбеуов ақсақал табыстапты. Ал қарияға қара домбыра 1932 жылы әкесінен мұра болып қалған. Содан бері Рахманали ата оны көзінің қарашығындай сақтап келген.

Қазақтың ұлттық күй өнерін зерттеп жүрген Қайролла Сәдуақасовтың айтуынша, бұл көне домбырада атақты Қыздарбек, Әбди, Сембек сынды сұңғыла күйшілердің ойнауы әбден мүмкін. Себебі олардың барлығы осы Шет өңірінде өмір сүрген. Домбыра да сол уақыттарда жасалған екен.

Қайролла Сәдуақасов, «Күй керуен» шертпе күй орталығының жетекшісі: - Кешегі Сембек, Әбди, Қыздарбектердің қолы тиген домбыра. 1900 жылы жасалған домбыра ғой. Осы домбыраны реттеп, жөндеп, сахнаға алып шықсам деп отырмын. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы шықты. Бұл бізге өте керемет қолдау болып отыр. Рухани жаңғыру – кешегі бабаларымыздың өшіп қалған дүниелерін қайта шығару.

 

Шолушы: Айгерім Таубай

Қатысты Мақалалар