2017 жылдың 15 мамырында Кишинев қаласында Қазақстанның Украинадағы елшісі және Молдова Республикасындағы елшісі міндетін қоса атқарушы Самат Ордабаев Молдованың Премьер-министрі Павел Филиппен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында екі мемлекеттің экономикалық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Тағам өнеркәсібі, шикізатты өңдеу, өсімдіктерді өсіру технологиясы мен селекциясы, туризм және білім алу саласындағы ынтымақтастықты кеңейту қажеттілігі атап өтілді. «Жаңа Жібек жолы» жобасының шеңберінде еуроазиаттық транспорт дәліздерін құру маңыздылығы айтылды.
Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия, Қытай, Иран мен Парсы шығанағы елдері нарықтарына шығаруға жол ашатын Қазақстанда біріккен кәсіпорындарды ашу перспективтілігін баса айтты .
Елші «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы жолдауында белгіленген еліміздің даму басымдықтары, конституциялық реформалардың қорытындылары мен Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен таныстырды.
Ал П. Филип Президент Н. Назарбаевтың мемлекетті құру мен қалыптасуындағы негізгі рөлін, Қазақстанның әлемдік аренадағы белсенді әрі жауапты саясатын ерекше атап өтті. Молдовалық тараптың Қазақстанмен достық пен ынтымақтастықты күшейту бағытын растады.
Сұхбаттасушылар алдағы уақытта өткізілетін Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша қазақстандық-молдавалық үкіметаралық комиссияның ұйымдастыру сұрақтарын талқылады.