Эрдоған мен Трамптың қатысуымен пресс-конференция өтті деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі news.rambler.ru-ға сілтеме жасай отырып. Аталған пресс-конференция кезінде Трамп АҚШ пен Түркия мемлекетінің арасындағы бұрынғы достық қатынас туралы айтып, сөз бастады.
«Түркия коммунизмге қарсы қырғи-қабақ соғыста АҚШ-қа қорған бола білген еді»,- деді Трамп.
Сонымен бірге Трамп АҚШ пен Түркия елінің әскери тарихы туралы да айтып өтті. Ол америкалық генерал Дугластың АҚШ-тың Корея еліне жорығы кезіндегі түріктермен одақтас болғаны мен түрік әскерінің әлемдегі ең ұлы әскер болды деген сөзін де мысал ретінде келтірді.
Кейіннен Трамп Түркия мемлекетіне ДАИШ-қа қарсы соғыс кезінде көмек көрсете алатынын жеткізді.
Эрдоған болса сөз басында Трампты ресми түрде сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Сонымен бірге тарихтағы АҚШ пен Түркия елдерінің одақтастығына біраз уақыт тоқталып өтті. Түркия басшысы АҚШ-пен тек соғысқа байланысты ғана емес басқа да салалардағы қарым-қатынасты дамытуды ұсынды.
Екі мемлекет басшысының арасында болған бұл кездесудің сәтті басталуы көпшілікті таңқалдырды. Естеріңізге сала кететін болсақ, Түркия мен АҚШ-тың арасында соңғы бірнеше айда біраз кикілжіңдер орын алған болатын.
Бұл кездесу тек 20 минутқа созылған. Мемлекет басшыларының қандай бетперде киіп отырғандығы әзірге белгісіз. Бұл кездесу барысында Трамп пен Эрдоған белгілі бір саясат қолданып отырғаны анық.
Шолушы: Әсел Өтешова