Сақ болыңыздар! Алаяқтар тыл ардагерлерін алдап, ақшаларын алып кеткен

/uploads/thumbnail/20170710071202426_small.jpg

Редакциямызға Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Ақжайлау ауылының тұрғыны Жақыпова Назерке хабарласып, Күршім ауданының әкімшілік қызметкерлері құрмет тақтасын жасау үшін тыл ардагерлерінің үйлеріне келіп, оларды суретке түсіргенін ол үшін 1000 теңге көлемінде ақша алғанын айтты. «Мен тыл ардагері Жақып Сейітқали Жұмабайұлының келіні боламын. 9 мамыр қарсаңында Күршім ауданы әкімдігінің қызметкерлері үйге келіп, құрмет тақтасына тыл ардагерлерінің фотосын ілетінін, сол үшін атамызды фотоға түсіргісі келетінін айтты. Суретке түсіргені үшін бізден 1000 теңге алды. Мен ақшаға бола қынжылып отырғаным жоқ. Түсінбейтінім, аз ғана қалған тыл ардагерлеріне құрмет ретінде әкімдік неге ақша бөлмейді?! Олардан неліктен ақша алады? Бізге ғана емес Күршім ауданындағы тыл ардагері бар бірнеше үйден солай ақша алды ғой» деп өз ренішін білдірді Жақыпова Назерке.

Осыған байланысты Күршім ауданының әкімдігіне хабарласып мән-жайды білген едік. Күршім ауданының Ішкі саясат бөлімінің басшысы Қасымбаева Арайлым Сейітхамзақызы тыл ардагерлерін фотоға түсірмегенін және сәйкесінше тұрғындардан ақша жинамағанын айтты. Алайда Ақжайлау ауылы Марқакөл ауылдық округіне қарасты болғандықтан аталмыш істі солар ұйымдастыруы мүмкін екенін жеткізді. «9 мамыр Жеңіс күніне орай Күршім ауданы әкімдігі тыл ардагерлеріне арнап іс-шара жасады. Шараға 100 тыл ардагері шақыртылды. Алайда оларды суретке түсіріп және ол үшін ақша жиналмады» деді Күршім ауданының Ішкі саясат бөлімінің басшысы. Қасымбаева Арайлым Сейітхамзақызы Күршім ауданы Ақжайлау ауылына қарасты Марқакөл ауылдық округінің әкімдігіне хабарласып, мән-жайды анықтайтынын айтты. Марқакөл ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Арай Баймурзина әкімшілік ақша жинамағанын және әкімшіліктің жоспарында аталмыш жұмыс қарастырылмағанын жеткізген.

«Марқакөл ауылдық округі тыл ардагерлеріне арнап құрмет тақтасын жасаған. Оған тыл ардагерлерінің суреті ілінді. Оларды суретке түсіруге арнайы фотограф бармаған және тыл ардагерлерінен 1000 теңге алмаған.Жақып Сейітқали Жұмабайұлының суретін келіні Жақыпова Назерке әлеуметтік желі арқылы әкімшілік қызметкерлеріне жіберді» деді Марқакөл ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Арай Баймурзина. Жақыпова Назерке әкімшілік қызметкеріміз деп үйіне келіп, қызметі үшін 1000 теңге алған адамдардың есімдерін сұрамағанын айтады. Бұл істе алаяқтар пайда табу үшін осындай құйтырқы әрекетке баруы мүмкін деген болжам да бар.

Қамшыгер: Ақнұр МҰХТАРХАН

Қатысты Мақалалар