"Ферғана" агенттігінің сарапшылары Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының кімге, қай ұйымға бағынышты екенін өздерінше анықтап, тізімін шығарған. Ол тұлғалар өз есімдерін жасырғанымен, айдан анық дүние екені халыққа белгілі еді. Алайда, кей тілшілер Abai.kz Тимур Құлыбаевтың қарамағында, ал DAT қоғамдық позиция газетін Болат Өтемұратовқа тән деген сарапшылар мәліметіне күмәнданып, наразылық білдірді. Бұл ақпаратқа қатысты DAT газетінің редакциясы үнсіз қалмады. Газеттің Болат Өтемұратовқа қатысы бар деп жазған «Ферғана» сарапшыларын айыптап, жауап жазды. Жазылған жауапты Қамшы ақпараттық агенттігінің тілшісі қазақ тіліне аударып, оқырман назарына ұсынады.
«Ферғана» сайтының сарапшылары анықтаған біздің басылым мен қазақ тіліндегі «Жас Алаш» газетіне қатысты мәліметке назар аудара отырып, дат физигі, Нобель сыйлығының 1922 жылғы иегері Нильс Бордың мына афоризмін еске түсіруге болады: «Сарапшы – ауқымы тар салаға қатысты мейлінше қателіктерге бой алдыратын адам». Бұл – бір.
Екіншіден, «Ферғана» сарапшыларының миллиардер Болат Өтемұратовқа бағынышты етіп бірнеше ақпарат құралдарын көрсетуі, оның ішінде елімізде оппозициялы БАҚ болып табылатын «DAT-тың» болуы агенттіктің «жағымпаздығын» көрсетеді.
Үшіншіден, алғашқы мүмкіндікте-ақ кез-келген басылым өз Иесінің арқасынан пышақ сұқпас еді. Логикаға келмейді.
Төртіншіден, егер DAT-қа қандай да бір ұйым қолдау көреткен болса немесе миллиардер Өтемұратовтың ақшасына қарап отырса, онсыз да саусақ санарлық қызметкерлерін қысқартар ма еді. Бүгінгі таңда газетте корректормен қосқанда 5 адам жұмыс жасайды, ал сіздердің бағынышты қызметкерлеріңіз – редакция штатындағы жалғыз орыс тілді журналист.
Бесіншіден, DAT редакциясында айына 50-60 мың табыс табатын альтуристер жұмыс атқарады. Біздің бар табысымыз жалға алған кеңсенің ақысын төлеу мен баспа жұмысына кетеді. Редакцияның жеке қызметтік көлігі де жоқ, ал газеттің «бас оқырманы» Ермұрат Бапи кей-кездері қызметкерлер үшін «шопыр бала» болып жұмыс істейді. Егер DAT Өтемұратовтың жеке меншігі болса, мұндай мәселелердің туындауына жол бермес еді, тіпті қызметкерлердің айлығы 300 мыңға дейін жетер еді. Алайда, біз өкінбейміз. Бастысы, газет жұмысын жалғастыруда және сұранысқа ие».
Сондай-ақ, «Жас Алаш» жайында да айтып өтті. Редакцияның айтуынша, «Ферғана» екі қарағайдың арасында адасып кеткен секілді. «Жас Алашты» қаржыландыратын азаматтар деп біресе «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаевты, біресе ҚР Мәжіліс парламентінің спикері Нұрлан Нығматуллинді айтқан.
Тағы бір айта кетерлік жағдай, ҚазТАГ ХАА-ны Тимур Құлыбаевтың бақылауында депті. Тек мәселе мында: Құлыбаев еліміздегі ең айналмалы халықаралық агенттікке қашан қол сұғып үлгерген? Оның нағыз иесі Сейітқазы Матаевты билік түрмеге тоғытқан соң ба?
Ең үлкен күдік тудырғаны «Abai.kz» интернет-порталын Тимур Құлыбаевтың бақылауындағы басылымдардың тізіміне енгізіп қойғаны. Ол басылымның тәуелсіз сарапшысы, журналист, Алтынбек Сәрсенбековтің серіктесі Айдос Сырым Тимур Асқарұлының қолына қарап қалды деп ойламаймын.
Қорытындылай келе, «Ферғана» сарапшыларының сараптамасынан гөрі, Нильс Бордың айтқаны шындыққа жанасады.
Дайындаған: Жұмабике Жүнісова
Аударған: Гүлім Жақан