Елбасы БАӘ Сыртқы істер министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаянмен кездесті

    Gulim Zhaqan
    Елбасы БАӘ Сыртқы істер министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаянмен кездесті

    Мемлекет басшысы БАӘ сыртқы істер министріне сәттілік тілеп, елдеріміз арасындағы байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

    – Сіз біздің елге ресми сапармен Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуына орай келіп отырсыз. Бүгін Астанада бірлескен бизнес-форум өтіп жатыр. Биыл мен Араб Әмірліктерінде екі рет болдым. Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен соңғы кездесуімізде көптеген мәселелер бойынша уағдаластыққа қол жеткіздік, – деді Қазақстан Президенті.

    Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты байланыстарды нығайтудың маңыздылығына тоқталып, биылғы жыл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің бастауы болатынына сенім білдірді.

    – Өзара сенім мен  бауырластыққа негізделген біздің қарым-қатынасымыз – басқаларға үлгі. Мұны одан ары дамытуға бар күш-жігерімізді салуға тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы.

    Абдалла бен Заид Әл Нахаян екіжақты өзара іс-қимыл барысына көңілі толатынын, оны жаңа деңгейде нығайта түсу қажеттігін атап өтті.

    Сондай-ақ, БАӘ сыртқы істер министрі Сауд Арабиясы Корольдігінде өткен саммиттің табысты болғанын айтып, соның аясында Қазақстан Президентінің Абу-Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен әңгімелескенін еске салды. 

    Қатысты Мақалалар