Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Tengrinews.kz жаңалықтары Ақордаға сілтеме жасап хабарлады.
Өткен аптада бұл құжатты Қазақстан Парламенті ратификациялаған болатын. Парламент палаталары қорытындысында Шарттың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру мүддесі үшін елдер экономикасының тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталатыны айтылған еді. Құжатты қабылдаған Беларус Парламенті болса ел экономикасына ыңғайлы бір қатар талапты одақ шартына енгізе білді.
Өткен аптада Минскіде ТМД мемлекеттері басшыларының кездесуі барысында Арменияның ЕАЭО-ға қосылуы туралы келісімшартқа қол қойылды. Бүгінде бұл ұйымға мүше болуға Қырғызстан әзірленіп жатыр. Қазақстан, Ресей мен Беларусь осы жылдың мамыр айында Астанада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойған болатын. Ол 2015 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді.
Қамшы-ақпарат