ДИМАШТЫҢ ТУҒАН КҮНІ! ӘЛЕМНІҢ ӘР ТҮКПІРІНЕН МЫҢ ТҮРЛІ ҚҰТТЫҚТАУ, МИЛЛИОНДАҒАН ТІЛЕК!

/uploads/thumbnail/20170710081841121_small.jpg

Бүгін қазақтың атын әлемге әйгілі еткен Димаш Құдайбергеннің туған күні. Бүгін Димаш  23 жасқа толды. Оны әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері құттықтап жатыр деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.

Ең алдымен бауыр еті баласын ата-анасы құттықтады. 

«Димаш, сен өмірге келген мамыражай мамырдың шуақты күні, ата-анамның «ұлды болдық!» деп шаттанып, ұлан-асыр той жасағаны, қуаныш үстінде «Балапаным! 
Ата-анамның əлдиісің!
Алып ұшқан көңілімнің əн-күйісің!
Шат күлкімен өмірге адым баса ғой!
Бақытыңның шектелмесін мөлшері, жүрегімнің кіп-кішкентай бөлшегі!» деп əн арнағаным - күні кешегідей көз алдымда...
Бəріміздің махаббатымызға бөленіп өстің. Əсіресе папамыз бен мамамыздың өзіңе деген сезімі ерекше болатын! Əлі күнге солай - төбеңнен құс ұшырмайды! Мамамыз басыңнан сипап отырып «менің құлыным бойы ұзын, ойы биік, арманы асқақ, жүрегі жұмсақ, мейірімді азамат болып өседі» деп айналып, толғанушы еді. 
Сен ақылды азамат боп ержеттің. 
Өмір - бұралаңды соқпақтардан, даңғыл жолдардан, жабысқақ батпақтардан, мөлдір айдындардан тұратын күрделі əлем.  Əр адам өмірге өз терезесінен қарайды. Біреудің терезесі кіршіксіз таза - ол əлемнің бəрін əдемі етіп көреді, ал бір адамдар айналаға жуылмаған кір терезесінен қарайды...
Өмірде қандай адамды кезіктірсең де бойынан жақсылық іздеуге тырыс, қуаныш сыйлауға тырыс! Терезелердің тазаруына көмектес... Бүгін туған күнің! Отбасымыз үшін қуанышты күн. Өмірің мəнді де сəнді, ғұмырың ұзақ, бақытты болсын, Диконым! Ағатайың.», деп әкесі Қанат Айтбаев құттықтады.

Димаштың анасы Света Айтбаева Instagram желісінде  «Диконтайым! Туған күнің құтты болсын! Ең бастысы, аман жүр, ғұмырлы бол! Біздің отбасымызды, ағайынды, дос-жаранды ғана қуантып дүниеге келіп едің , шүкір,бүгінде дүйім жұртты , бүкіл елді қуантып жүрсің . Осы бетіңнен тайма! Біз үшін,артыңнан ерген қос бауырың үшін сенің орның ерекше.Біз сені жақсы көреміз! Арманшыл балапан , барлық армандарың орындалсын!», деп ақ тілегін жолдады.

Димашты әлемге әйгілі өнер адамдары да құттықтап, ақ тілектерін видео арқылы жеткізіп жатыр. 

Оның ішінде Димаштың өнеріне тәнті болып, талантын мойындаған әйгілі әнші Лара Фабиан да бар. Әнші тілегінің соңын «Happy birthday to you» әнімен аяқтады.

Сонымен бірге америкалық модель Ева Лонгория әлеуметтік желі арқылы Димашқа  ақ тілегін білдірген.

Еңбектеген сәбиден, еңкейген қартқа дейін Димашты құттықтап, ақ тілектерін білдірген жанкүйерлері Димаштың 23 жасқа толуына орай 23 елдің өкілдері құттықтау жолдаған видеосы жарияланды.

13 жастағы канадалық қыз Димаштың суретін салып,  қазақ тілінде құттықтау тілегін білдірген.

«Сен бізге аңсаған арман әндерін сыйладың, біз саған ұмытылмас елес сыйладық. Біз 960 шақырым алыс өңірдің төрт бұрышынан келіп отырмыз. Біз қайнаған қаладан, сонау  алыс жердегі қыстақтан келдік. Бірақ саған жолыққан барлық өткен күндер ұмытылмас елес болып, мәңгі есімізде  сақталады. «Ұмытылмас елес» әні Димашқа арналады, сен бізге қазақ елінің романтикалық өмірін сезімдірдің, біз саған қытай елінің романтикасын сезіндіре алсақ дейміз» деп жүрек жарды тілектерін білдірді Димаштың тыңдармандары.

Тағыда айта кететіні танымал әнші Димаштың  туған күніне орай, бүгін түнгі 00:00-ге дейін Астананың барлық LED экрандарында тек қана Димаш туралы бейнероликтер көрсетіледі.

«Шетелдік фанаттарға Астанадағы ең көрнекті LED экрандармен келісім жасауға қол ұшын создым. LED экрандарды бір күнге жалға алуға бір миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды, шығынның барлығын Димаштың өнерін ерекше бағалайтын қытайлық «Guardians of Dimash» фанаттар тобы өтеді», - дейді ЕҰУ-дың студенті Ақеділ Нұрболатұлы.

 

 

 

Дайындаған: Ақнұр МҰХТАРХАН

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар