Әлемде балалы бола алмай жүргендер өте көп. Бірі балаға зар болса, енді бірі бауыр еті баласын далаға тастап жүр. Сәбилі болсам деп жатса да, тұрса да армандайтындардың бірі аргентиналық Клаудио Коккалон мен Мариэла Ржепески. Ол арманына жету үшін аурухана табалдырығын тоздырды. Жасанды ұрықтандыруға да жүгінгісі келді. Алайда ол нұсқа да өз нәтижесін бермеді.Осыдан кейін үміті үзіліп, тауы шағылған Мариэла ұзақ уақыт күйзелісте болды. Әйелінің күннен-күнге сөніп бара жатқанын көрген Клаудио бала асырап алуды ұсынды. Осыдан кейін отбасылық жұптың үйінде қайта қуаныш ұшқындары пайда болды.
Алайда бала асырап алу процессі ұзаққа созылды. Он жылдан кейін бала асырап алуға рұқсат етілді деген жауап келген. Отбасылық жұп жетімдер үйіне келгенде 12 жастағы Хулио есімді балаға бірден бауыр басып, жылы тартады.
Хулионың төрт інісі мен қарындастары бар екен. Хулио оларға жиі барып тұрды. Олар да қонаққа келіп тұрған.
Бір күні оның інісін үлкен балалар соққыға жығып, ауруханаға түскенін естіген Хулио өзін қоярға жер таппады. Күні бойы жақындарының қасында болып, түнде амалсыздан үйге қайтатын. Хулионың мұңайған көзінен оның іні, қарындастарынан жырақта өмір сүре алмайтынын түсінген Мариэла мен Клаудио оның іні, қарындастарын да асырап алуға бел буады. Бұл жаңалықты естігенде Хулио қуаныштан жылап жіберген.
Қазір олар тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мариэла мен Клаудионың бес баласы бар. Олар үйлеріне қуаныш, бақыт келгенін және бұрын үнемі қаңырап бос тұратын, тыныштық орнаған үйлері баланың күлкісі мен махаббатқа толғанын айтады.
Мариэланың үй шаруасына қолғабыс ететін көмекшілері пайда болған, ал жігіттер әкесіне көмектесіп, айрандай ұйыған отбасына айналған.
Мариэлан мен Клаудио жасанды түсік жасайтын және туған баласын тастап кететіндер ешқашан бақытты болмайтынын айтады. Себебі дүниеге келген бейкүнә сәбидің көз жасы алдынан шығатынын жеткізеді.
Дайындаған: Әсем Әлмұханбет
Пікір қалдыру