Президенттікке кандидат азамат өз міндеттерін орындауға кедергі келтіретін аурулардың жоқтығын растауы қажет. Мұндай талап ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында талқыланып жатқан «ҚР-ның кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңының жобасында көзделген, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агентті ҚазАқпарат ақпаратына сүйеніп.
«Конституциялық заң жобасы Президенттің заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген. Ол жеке конституциялық заңдарды Конституциядағы түзетулерге сәйкес келтіруге бағытталған. Өзгертулер 8 Конституциялық заңдарға енгізіледі. «Президент туралы» Конституциялық заңда Президенттің өкілеттіктері конституциялық түзетулерге сәйкес келтіріледі. Атап айтқанда, Президент Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсыныс негізінде Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды. Сонымен қатар, Парламент депутаттары Конституцияда бекітілген тәртіппен Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы өтініш жасаған жағдайда, Президент оны қызметінен босатады. «Президент туралы» Конституциялық заңнан Президенттің келесі заң шығару функциялары алып тасталады: заңдық күші бар Жарлықтарды шығару, заң жобасын шұғыл деп жариялау, Үкiметке заң жобасын Мәжiлiске енгiзудi тапсыру, және Үкімет актілерінің күшін жою», - деді заң жобасын таныстырған Әділет министрі Марат Бекетаев.
Министрдің айтуынша, «Тұңғыш Президент - Елбасы туралы» Конституциялық заңында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің «Елбасы» ретіндегі атауы мен мәртебесіне қатысты түзетулер енгізіледі. «Парламент және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Конституциялық заң жаңа 22-1 бабпен толықтырылады. Ол Үкімет мүшелерінің кандидатураларын Мәжіліспен келісу тәртібін анықтайды. Консультациялар Мәжілістің тиісті бейінді комитеттерінде өтетін болады. Тиісті кандидатураларды Премьер-Министр, немесе ол өкілеттік берген лауазымды тұлға ұсынады. Әрбір талқыланатын кандидатура жөнінде Мәжілістің тиісті комитеті қорытынды шығаратын болады.
«Үкімет туралы» Конституциялық заңында, конституциялық түзетулерге сәйкес, Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды жою бойынша өзгерістер енгізіледі. Сонымен қатар, Үкіметтің Президент пен Парламент арасындағы қарым-қатынасын реттейтін нормалар бекітіледі. Үкімет Парламент Мәжілісінің өкілеттік мерзімі аяқталғанша қызмет етеді және жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында өкілеттігін тоқтатады. «Сайлау туралы» Конституциялық заңында сайлаушылар мен сайлау үдерісіне қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түзетулер көзделген. Президенттікке кандидатқа қойылатын қосымша талаптар енгізіледі. Олар: мемлекеттік қызметте немесе сайланатын мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл тәжірибесінің болуы, міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығын растау. «Конституциялық Кеңес туралы» Конституциялық заңға қарастырылған өзгеріске сәйкес, Президенттің адам ретіндегі және азаматтық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің, ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты өтінішті Конституциялық Кеңеске жолдау құқығы көзделген. Өз кезегінде Конституциялық Кеңеске жүгінудің және Кеңестің шешім қабылдауының салдары анықталады», - деді Бекетаев.
Мұнан бөлек, «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға Жоғарғы соттың сот практикасын түсіндіру функциясын жүзеге асыруды нақтылауға бағытталған түзетулер енгізіледі. Сонымен қатар, судьялыққа кандидаттарға конкурстық талаптар белгіленеді. Оларды күшейту мақсатында аудандық сот судьясы кандидаттарының жасы қайта қаралады.
«Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға өзгертулер енгізіледі. Референдумда республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының мәртебесі мәселелері қарастырылмайды», - деп атап өтті министр.
Пікір қалдыру