Бүгінде Алматыдағы 89 көшенің мүлдем атауы жоқ. 165 көше есімдері екі рет қайталанған. Бұл туралы Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағат және құжаттама бөлімінің басшысы Қалабай Өтепберген мәлімдеген.
«Алматы қаласында 1848 көше бар. Облыстан Алматыға қосылған елді мекендердің есебінен қаламызда 165 көше атауы қайталанып кетеді. Ал тарихи ескірген көшелер бүгінгі таңда 50-ге жетіп отыр. Жақында президенттің жарлығымен 16 сәуірде Алматы қаласына тағы да 23 200 га жер қосылды. Ол жерде 27 елді мекен болатын болса, қазіргі таңда қалаға қосылғаннан кейін олар шағын аудан болып ауысады. Аталмыш елді мекендерде 325 көше анықталды. Бұл жерлерде орналасқан көше атаулары да қаламыздағы атауларды қайталап отыр», - деген Қалабай Өтепберген.
«Алматы» телеарнасының хабарына сай, 2013 жылы 21 қаңтарда осы ономастика мәселесіне байланысты заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Сол заңнамалық актілердің негізінде қалада қайталанатын бірқатар көшелердің атаулары қайта қарастырылмақ. Бұл туралы Қалабай Өтепберген: «Біз заңнамалық актілердің негізінде мәслихаттың тұрақты комиссиясына хат жолдадық. Хат қаралғаннан кейін Алматы қаласы әкімшілігінің жанындағы ономастикалық комиссияға беріледі. Ол жақтан қолдау тапқаннан кейін ҚР Үкімет жанындағы ономастикалық комиссияға келісім алу үшін жіберіледі. Тиісті мекемелерден, қолдау алғаннан кейін қаламыздағы көшелердің аттары өзгертіледі», - дейді.
Қамшы-ақпарат