«KEGOC» акционерлік қоғамы өзінен алып, халыққа электрқуатын жеткізетін ұйымдарға 2014 жылдың 1 қарашасынан бастап тарифті 50 пайызға арттыратынын мәлімдеп отыр. Айдың-күннің аманында, экономика тұрақты, баға өсімсіз болып тұрғанда бағаны осылай жүгенсіз көтеруге бола ма? Әлде бұл елдегі экономикалық тұрақтылықты шайқалту үшін істеліп жатқан жымысқы шаралар ма? Өйткені, электр қуатының бағасы бір жерде артса болды барлық өнімнің де, қызметтің де бағасы бірден көтерілетіні сөзсіз ғой. Осыны біле тұра бірден 50 пайызға секіріп, басқалар «бұл болмаса күл болсын», өзіміз байи түссек болды деген қорқаулық саясат кімнің ойына келді екен?
Шектен шыққан осы шараны «KEGOC» басшылары Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің 2014 жылдың 16 мамырында шыққан №105-ші бұйрығына сәйкес «төтенше реттегіш шаралар» ретінде жасап отырмыз дейтін көрінеді. Демек, осы компанияға елден ала бөтен төтенше жағдайлар келіп қалған ба?

Осы мәселелерді Парламент Мәжілісінің соңғы отырысында жұқалап жеткізе келіп, депутат Нұрлан Жазылбеков өзінің Премьер-Министр К.Мәсімовке сауал жолдап, осы мәселенің дұрыстығына баға беруді өтінетінін айтты. «Төтенше реттегіш шаралар» деген «Табиғи монополиялар және реттелетін рыноктар жөніндегі» заңға сәйкес халықты, қоршаған ортаны, азаматтардың денсаулықтары мен мүлкін қорғау үшін өкілетті органның шешімімен қабылданатын еді ғой. Мыналардың соны өздігінен қабылдауына қандай қажеттілік туған, дейді депутат сауалында. Сонымен бірге ол бұл шара тұрғындар үшін де тарифті көтеруге соқтыратынын ескертеді. Депутаттың бұл сауалына «Ақ жол» партиясы парламенттік фракциясы өкілдері тегіс қол қойды.
Енді мәселені Премьер-Министр К.Мәсімов тексертіп, оң шешім қабылдар. Көрінгеннің ойына не келсе соны істеп ойқастай беруіне Үкімет жол бермес деген үміттеміз.
А.Алпысбаев, журналист