Ә.Қосанов: Украинаға - қару, Қазақстанға - одақ. Мақсат - біреу!

/uploads/thumbnail/20170708154954521_small.jpg

(Будапешт келісіміне қол қойылып жатқан сәт. 1994 жыл 5 желтоқсан)

«Азаттық радиосы»  сайты Польша экс-министріні Дональд Тускке 2008 жылы РФ Президенті Путиннің Украинаны бөлісіп алуды ұсынғанын жазды. Яғни Украинаға 2013 жылы желтоқсанда жеткен саяси зобалаңның алғашқы жоспарлары одан бес жыл бұрын жасалып қойған. Ресейдің қазіргі билігі 50 миллион халқы бар мемлекетті бөлшектеу туралы ертеден-ақ жақсы ниетте болмаған.

Биыл наурыз айында Ресей Қырымды Украинадан тартып алған соң Польша, Румыния және Венгрия үкіметтеріне Украинаны бөліп алу туралы хат жолдаған саясаткер Владимир Жириновский, Қазақстан туралы да бірнеше рет бөлшектеп алу пиғылындағы пікірлерін биік мінберде білдірген болатын. Путиннің Қазақстанға қатысты бөлшектеуші пиғылы болуы мүмкін бе? Путиннің бүгінгі ашылып отырған құпиясы жақын уақытта Қазақстанға да бір қауіптің төніп тұрғанын аңғартпай ма? Осы сауалдарға саясаткер Әміржан Қосанов мырзаның пікірін білген едік:

- Әрине, Дональд Туск секілді беделді саясаткер барша елді елең еткізер әңгімені жайдан жай айта салмайды. Оның үстіне Туск айтқан сөздің өзіндік астары болуы мүмкін, өйткені ол қазір Еуроодақ президенті және де Польша мен Ресей арасындағы тарихи тұрғыдағы өзара тартыстар мен түйткілдер бар екені белгілі. Не болса да Путин осы ақпаратқа өз жауабын беруі тиіс. Ол өзі Кремль үшін бұрын-соңды боп көрмеген үлкен сын болмақшы.

«Ондай әңгіме болған жоқ» десе, Туск не істемек, ал «болды» десе, біз не істемекпіз? Ал Қазақстанға қатысты айтатын болсақ, мәселенің екі жағы бар. Ресейдің Қазақстан аумағынан дәмесі бар екені туралы арандату әңгімені бастап отырған Жириновский емес. Кезінде Солженицын секілді жазушы да осы тақырыпты біраз қаузаған. Жириновский шын мәнінде дербес саясаткер емес, оның артында Кремль тұр. Соны түсінуіміз керек, және біздің өкімет осы жайтты басшылыққа алып, Ресейден Жириновскийді аузын жауып, екі ел арасына сына қақпау туралы талап қоюы қажет деп ойлаймын. Әйтпесе, бұға берсең, сұға береді!

Бір нәрсе анық: Украинаның аумағын аннексиялау жоспары Путиннің басына бір күнде сап ете қалған идея емес. Кәнігі саясаткер ретінде осы науқан алдында ол он ойланып, тоғыз толғанғаны түсінікті. Осы тұрғыдан алғанда Тусктің айтқан әңгімесінің жаны бар секілді. Меніңше, қазақ жерін Ресей қарудың күшімен емес, кеше ғана қол қойылған Еуразия Одағы арқылы "жаулап» алуы мүмкін. Қазіргі сыртқы саясаттың бір қитұрқы тұсы да осы болмақ. Екіншіден, Украинадағы жағдай 1994 жылы қол қойылған Будапешт келісім-шартының іс жөнінде түк болмай қалғанын көрсетті емес пе? Яғни, кезінде ядролық қарудан бас тартқан Кеңес Одағы елдері аумағының тұтастығын қамтамасыз етудің халықаралық механизмі мен кепілдігі жоқ! Сондықтан да Қазақстан осы күннен бастап, Тәуелсіздік пен аумақ тұтастығының жаңа халықаралық кепілдігін қамтамасыз ету жолын қарастыруы тиіс.

Қатысты Мақалалар