«Американдық журналистер Қазақстан ел атуын өзгертетін болды ма деген мәселеге қызығушылық танытуда». Zakon.kz сайты осындай тақырыппен мақала жариялады. Бұған американдық «Foreign Policy» басылымының «Орталық Азияда имидж үлкен проблема болуда» деп жазғаны түрткі болған.
Қазақстан мен Қырғызстан өз атауын өзгерте ме? «стан» жалғауымен аяқталатын атауға ие мемлекеттер үшін мұндай атау ел абыройына нұқсан. «Foreign Policy» журналистері осы жөнінде талқылаулар жасаған.
«Бір анығы тек Қазақстан мен Қырғызстанда ел атауын өзгерту мәселелері жүргізілуде.» Бұндай сөйлемге себеп ретінде «Foreign Policy» журналистері осы елдердің атуына батыс елдерінде болып жататын шатасуларды мысалға келтіреді. Атап айтсақ, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри екі жыл бұрын бірнеше рет Қырғызстан атауын «Қырзақстан», «Қырзығыстан» деп шатасып айтқан. Басылым: «Алайда бұл мемлекеттер ел атауын өзгертетін қадамға жақын уақытта бара қоймауы мүмкін» , - дейді. Себебі Мемлекет атауы өзгерген жағдайда жалпыхалықтық референдум өткізумен қатар валютадан паспортқа дейінгі ұлттық символ қатыстырылған дүниелер түгелдей ауыстырылуға тиіс болады. Америкалық басылымның журналистері сондай-ақ, «Қазақстан» атауының биылғы жылы көктемде «Қазақ елі» болып өзгертуі туралы көтерілген мәселені де еске сала кетіпті.
Zakon.kz –тегі Осы материалдың соңына түскен пікірлерге тоқтала кетсек:
- Қазақстан деген атау жалынды естіледі.
- Президент жолдас елдің атауын өзгертуді емес, қайткенде елімізді әлем таниды соны ойлауы тиіс.
- Бұл көктемгі теңге құнсыздануы алдында көтерілген мәселе болатын, енді не бүлінер екен?
- Имидж елдің атауында емес, экономикасы мен тұрақтылығында.
- Онда жер шарының да атын ауыстырып алайық...
- Бостандағы жағдайдан кейін бізді барлығы Қазақстан ретінде таниды ғой...
- Керек болса АҚШ өз атауын ауыстырып алсын.
- Қазақ Республикасы деп атау керек бітті.
- Қазақстан атауын өзгертуге қыруар ақша жұмсау керек.
Шындығында Қырғызстан атауы қазір Қырғыз Республикасы болып өзгерген. Оны Қырғыз Республикасы Президенті сайтынан-ақ білуге болады. Онда «Кыргыз Республикасынын Президентинин расмий Интернет сайты» деп жазылған. Қазақстан туралы аз-кем сөз қозғасақ, Қазақстанда көктем айларында ел атауын өзгерту мәселесі қызу талқыланды. Осы тұста орыс тілді БАҚ-тар түбегейлі қарсылық танытып, мемлекет атауының өзгеруіне қарсы ақпараттар таратып жатты. Тіпті «Қазақ елі» орысша атауға ыңғайсыз деген еш қисынға келмейтін пікірлерде айтылды. Ел атауын өзгертулерге қарсылар Елбасының атына хат жазып, интернеттен қол жинауды да ұйымдастырып жіберді. Көрші Ресейдің БАҚ-тары да Қазақстан атауының ауысуына негативті ақпараттарды суша сапырды. Өкініштісі қазақ тілді қоғам да, мемлекет атауы өзгеру керек деген Президент те бұл мәселеге қайтып айналып соқпады. Бұл аз уақыттық даурықпа науқан сияқты әсер беріп, ұмытылып қала берді.
Қазақстан атауы ауыстырылуы туралы мәселе күн тәртібіне қайта шығатын жөні де бар. Себебі бізге Қазақстан атауы советтік жүйе тұсында таңылды. Төрт жарым ғасырға жуық меншікті территориясы болып өмір сүрген Қазақ хандығын орыс патшалығы қаптаған қамал-бекіністерімен біртіндеп отарлап алды. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін құрылып, үш жылға жуық уақыт өмір сүрген Алаш орда автономиясы Қазақстанның қазіргі территориясын тұңғыш рет қағаз жүзінде бекітті. Алаш орданың территориясымен қатар мемлекеттік туы, әскері, бюджеті болды. Алайда орыс қысымы бұл мемлекеттің өмір сүріне мүмкіндік бермеді.
Қазіргі күнде «стан» жалғауы бар мемлекеттер постсоветтік мемлекеттер. Сондай-ақ Ресей федерациясына бағындырылған бірнеше мемлекеттің атауында осы жұрнақ кезігеді. Қазақстанның халықаралық атауы да орыстың Казахстан(Kazakhstan) сөзімен берілген. Олай болса Қазақстан атауының өзгермеуіне кімдер мүдделі екені соқырға таяқ ұстатқандай-ақ анық дүние.Ендеше қазақ қоғамы ел атауын өзгерту мәселесін халық болып талқыға салуы тиіс және мемлекеттің бұл мәселемен ресми айналысуы қажет.
Нұрғали Нұртай
