«Біздің еліміз бен Өзбекстан арасындағы сауда көлемі жыл сайын артуда, соның ішінде көршілеріміз бізден миллиардтаған доллардың өнімдерін сатып алады. Екі елдің арасында еркін сауда жасау жөнінде Мемлекет басшылары 1997 жылы қол қойған келісім бар. Онда екі жақ та шекара арқылы өтетін экспорт немесе импорт тауарларға ешқандай кедендік немесе басқа да алым-салық салмаймыз деп келіскен. Алайда...
Алайда өзекеңдер соған қарамай Қазақстаннан енген тауарларға біржақты салық салып, олардың бағасын көтеру арқылы импортты шектеу саясатын жүргізіп отыр», - деп Мәжілістің соңғы отырысында депутат Нұрлан Жазылбеков дабыл қақты.

Өзінің сөзінде депутат өзбек жағы Қазақстаннан енген тауарларға акциз салығын салатынын айтты. Әдетте бұл салық қоғамдық қаупі бар алкоголь мен темекі өнімдеріне ғана салынушы еді, ал өзбектер Қазақстаннан енген барлық тауарларға соны қосып және оның көлемін жыл сайын арттыруда. Соның ішінде кондитер және ет өнімдеріне, жиһаздар мен тоқыма өнімдеріне 50 пайыз, телевизорларға 60, сүт өнімдері мен шырындарға 70 пайыз көлемінде акциз салатынын айтты. Ол ол ма, алкогольсіз сусындарға 100, балмұздақтарға тіпті 200 пайыз көлемінде акциз салып, бағасын 2-3 есеге арттырып жібереді екен. 2013 жылы өзбек ағайындар тағы да 45 түрлі өнімдерге акциз қосатынын айтыпты. Мұның өзі қазақстандық тауарларды енгізбеудің бір жақты амалы екені сөзсіз. Бұл іс 1997 жылы қол қойылған екі ел арасындағы Келісімшартты тікелей бұзып отыр, деді Н.Жазылбеков. Ал біздің жақ өзбек тауарларына ешқандай үстеме алым-салық қоспай, есігімізді шалқасынан ашып тастадық. Бүгінгі күні Қазақстанға өзбектер жинайтын автомобильдер мен ауылшаруашылығы мәшинелері және басқа да тауарлар ағылып келіп жатыр. Сайып келгенде мұндай «жомарттық» өзбектерге жеңілдік жасап, ал өзіміздің тауарөндірушілердің мүддесін қорғай алмай отыр, дей келіп депутат Н.Жазылбеков Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың атына осы мәселелерді көрсетіп сауал жолдайтынын, онда екіжақты тең жағдайды жасау үшін өзбек жағымен акциздерді алып тастау жөнінде келісімге келуді болмаса, біз де сондай көлемде олардың тауарларына салық салуымыз қажет екенін ұсынатынын айтты. Бұл депутаттық сауалға Парламенттегі «Ақ жол» партиясы фракциясының барлық мүшелері қол қойды.
Арман ӘДІЛЕТ