«Бірыңғай зейнетақы қорындағы» қаржы кісі қолында кетуде. Тұрғындардың "кәрілік келгенде кәдеме жарар" деп жинап жүрген ақшасы коммерциялық банктерді қаржыландыруда. Тіпті қордағы ақшаның қызығын Ресей банкі көруде. «КТК арнасының» хабарлауынша, бұл мәселені депутат Азат Перуашев көтерген.
«Қатардағы тұрғындардың жинаған ақшасын біздің Ұлттық банкіміз де, «Бірыңғай жинақталған зейнетақы қоры» да Ресейдің «Сбербанкіне» жіберіп жатыр. Өзіміз біліп отырмыз ғой, Ресейде жағдай қандай екенін қазіргі кезде. Рубль түсіп бара жатыр. Егер, өз қаржы жүйесін құтқаруға, біздің ақшамызды жіберсе, ертең зейнеткерлеріміз ақшасыз қалады. Мысалы, биыл отандық қордан "Сбербанкке" 152 миллиард теңге бөлініпті. Яғни, қарапайым жұрттың ақшасы Ресейді қаржылық қиындықтан құтқаруға жұмсалуда», - деп мәлімдеген депутат Перуашев.

Депутат өз сөзінде, "Бірыңғай зейнетақы қорындағы" қаржының қалған бөлігі жалпақ жұртқа бір тиындық пайдасы жоқ екінші деңгейлі банктерге құйылып жатқанын айтқан. Әркімнің ай сайынғы жалақысының 10 пайызы коммерциялық банктердің депозиті мен құнды қағаздарына салынатыны белгілі. Ал, қазіргідей экономикалық тұрақсыздық кезде бұл капиталдың қайтарымсыз, түбегейлі құрдымға кетуі де мүмкін. Қарапайым тұрғындардың есебінен жеке банктерге зейнетақы қорынан ақша бөлуді доғару керек деген депутат сөзін құп көруге әбден болады.
Былтырғы жылы, Марченконың кезінде Қазақстандағы зейнетақы қоры орталықтандырылған болатын. Сонымен қатар зейнетақы тағайындау жүйесіне де айтарлықтай өзгерістер енді. Онсыз да күн санап құны түскен теңгеден жырмыштап, қорға жинақтайтын ақшаны қайтарымы болмай қалу қаупі бар салаға жұмсауға нендей қисын бар?
Сбербанк – Ресейлік банктің Қазақстандағы бөлімшесі. Оның еліміздің екінші деңгейлі банктерден айырмашылығы табысы Ресейге кететіндігі. Бұны кез келген адам біледі. Депутат келтірген дерекке сай, отандық қордан "Сбербанкке" 152 миллиард теңге бөлінуі – ақшаны текке шашумен бірдей-ақ әңгіме. Бұның астарынан қазақтың теңгесін рубльге тәуелді ете түсуден басқа саясат көре алмаймыз.
Үкімет әдетте көптеген жобаларды қолға алып, сыбырға айғай қосып зауыттар ашып жатады. Соның бәріне шетелден инвестиция тарттық деп шалқақтайды. Сондай зауыттардың, өндіріс ошақтарының бәсекеге қабілетті, сапалы тауар шығара қоймайтыны өз алдына, көп өтпей жабылып қалып та жатады. Зейнетақы қоры – аз ақшаның қазаны емес. Бұндағы ақшаны алып-сатарлық деңгейден арыс аса алмайтын банктерге жұмсағанша, отандық өндіріске, жеке кәсіпкерлікті дамытуға, ақша өте аз бөлінетін ғылым саласына қарай бағыттау керек. Үкімет осы тұрғыдан жедел шаралар қолдануы керек. Жіліктің майлы басын Ресейге ұстата беруді қоятын кез жетті.
Нұрғали Нұртай