Ярослав облысының тұрғыны қатерлі ісікке шалдыққан 10 жастағы Антон Давыдовтың емі үшін белгісіз қайырымды жан 10 миллион рубль аударған. Бұл қаражат баланың Германияда толықтай емделуіне жетеді, деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі.
«23 мамырдың кешінде Оксананың (Антонның анасы) картасына белгісіз біреу 10 миллион рубль аударған. Мұндай қаражатты көрген Оксана бізге бірден хабарласты. Әрине, ана жүргеі қатты толқыды, сенбеді, себебі бұл қаражатпен баланың толықтай айығып кетуіне мүмкіндік көп», деді жазды ерікті Наталья Ковалева парақшасына.
Ол қаражаттың қалай да жиналарын білген, бірақ біраз уақыт керек еді. Ал қажетті қаражат аударылған соң, ақша жинау қоры дереу жабылды.
Оксана Давыдова дәл мұндай ғажайыптың боларын білмеген. «Картамдағы қомақты қаражатты көргенде қуаныштан жылап жібердім. Антонға жақсы жаңалықты бірден жеткіздім, енді Германияға ұшу ғана қалды», деп жазды Оксана «Вконтакте» әлеуметтік желісінде.
Белгісіз қайырымды жанға өзінің парақшасы арқылы ғана алғысын жеткізіп, оны өзінің «періштесі» деп атады. Алайда, ол жанның кім екені белгісіз болып қала берді.
Антон самбомен айналысатын, бір уақытта аяғындағы ауырлықты сезінетін болады. Алғашында дәрігерлер не болғанын түсінбей дал болды, ал баланың жағдайы нашарлай берді, өздігінен қозғалуды доғарды. Толық тексеруден соң ғана оның Юинг саркомасы, яғни сүйек обырына шылдыққаны анықталды.
Антонға дереу операция жасату керек болды, бірақ елде мүмкіндік болмағандықтан операция Германияда жасалуы тиіс еді. Ол үшін 12 млн рубль қажет болған. Енді, міне, халықтың және белгісіз қайырымды жанның арқасында қаражат толықтай жиналды.
Шолушы: Гүлім Жақан