РЕСЕЙ «ТАЙСОЙҒАН» ПОЛИГОНЫНДАҒЫ 624 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕРДІ ҚАЙТАРДЫ

/uploads/thumbnail/20170710104042511_small.png

Ресей Федерациясы Қазақстанға Атырау облысы «Тайсойған» әскери полигонындағы 624 мың гектар жерді қайтаруда, деп жазады Qamshy.kz агенттігі.

«Ресейлік әскерилерге Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы полигон аумағында 749,6 мың гектар жер жалға берілген еді. Қазіргі таңда екі ел арасында жасалған келісім бойынша 624 мың гектар жерді қайтару процесі жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Арман Баженов Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде.

Ресейлік әскерилер бұрын полигон аумағы болған «Тайсойғанды» жалға алса да, оны пайдаланған жоқ. Сондықтан, бұл жерлерді шаруаларға беруге ешқандай кедергі жоқ. 

Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы 750 мың гектарға жуық жер 1949 жылдан бері әскери полигонға тиесілі болған. 1966-77 жылдары бұл аймақта жиырмадан астам ядролық сынақ өткізілді. Одан кейінгі уақытта бұл жер пайдаланусыз жатқанымен, жергілікті шаруалар игілігін көре алған жоқ. Өйткені, бұл жерді 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Ресей жалға алды. Қазір полигон аумағында 1,5 мыңнан астам адам тұрады. Бұған дейін Ресей жалға алғандықтан ауданға қарасты ұлан-ғайыр аумақты игеру үшін заңды құжат рәсімдеу мүмкін болмады.  

Жыл басында Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу Қазақстандағы Ембі полигонын жалға алу және пайдалану бойынша келісімді тоқтату туралы қазақстандық-ресейлік мемлекетаралық хаттамаға қол қойды. Оған сай Қазақстаннан жалға алған 300 мың гектарға жуық жер қайтарылған еді. 

Еске салсақ, Ресейге жалға берілген қазақ жерлерін қайтару туралы халық арасында оқтын-оқтын сөз болады. Қоғамдық пікір жерді жалға беру тәуелсіздікке қауіпті деп санайды. Теріскейді көрші Қазақстаннан 7 бірдей полигонды жалға алған. Олардың ірісі Байқоңыр ғарыш айлағы. Ресей Қазақстанға тиесілі Байқоңырды 1994 жылдан бастап жалдап, жылына 115 миллион доллар төлеп, 2050 жылға дейін толық пайдалануға рұқсат алған.

Қатысты Мақалалар