8-9 маусым күндеріне жоспарланған ШЫҰ саммиті мен 9 маусымдағы «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ашылу салтанатына Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин арнайы келді. Осыған орй Қамшы ақпараттық агенттігі ҚазАқпарат жариялаған Си Цзиньпиннің қазақ халқына ықласы туралы материалды ұсынады.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға және қазақ халқына деген айрықша қарым-қатынасына әкесі Си Чжунсюньнің (1913-2002) ҚХР Ганьсу өлкесі Ақсай-Қазақ автономды уезі басшысының орынбасары болған Сағидолла есімді қазақпен достығы ықпал етуі мүмкін.
ҚазАқпараттың Қытайдағы меншікті тілшісі Садық Әкежанов Ганьсу өлкесіне жасаған сапары барысында жергілікті музейдегі қазақ отбасы мен Си Цжуньсюньнің суретіне назар аударған болатын. Музейдің және жергілікті партия комитеті насихат бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, Си Чжуньсюнь Қытай Компартиясы Орталық комитеті Солтүстік-Батыс бюросының хатшысы болған кезінде, 1950 жылдары Ақсай-Қазақ автономды уезін Ганьсудың Дуньхуан уезінен бөлек шығару жұмыстарына басшылық жасап, оның одан ары дамуын бақылауда ұстаған. Сол кездегі Ақсай-Қазақ автономды уезі бастығының орынбасары қазақ Сағидолла Ганьсу өлкесінің әкімшілік орталығы Ланьчжоу қаласына үш рет барып, Си Чжуньсюньмен кездескен. 1958 жылдың 29 қыркүйегінде Си Чжуньсюнь көрші өңірлерді аралап жүріп, тосыннан Ақсайға келген және ол Ақсай-Қазақ автономды уезін дамыту мәселесін арналған жиын өткізген. Түскі астан кейін қоштасар кезде Сағидолланың отбасымен суретке түскен. 2012 жылдың 20 шілдесінде ҚКП ОК ұйымдастыру бөлімі Ақсай-Қазақ автономды уезі партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне аталған суреттің түсіру жағдайын анықтау туралы тапсырма берген. Жауап алынғаннан кейін ҚКП ОК ұйымдастыру бөлімі тарихшылардан арнайы топ жасақтап, Қытай орталық телевидениесінің операторлармен Ақсай қаласына аттандырған. Олар Си Чжуньсюнь туралы деректі фильм дайындау барысында Сағидолланың отбасы мүшелерінен сұхбат алған.
2013 жылдың 13 қазанында Си Чжуньсюньнің жұбайы Ци Синьнің шақыруымен Сағидолланың ұлы 58 жастағы Бақыт (суреттегі анасының қолындағы бала) ҚХР Төрағасы әкесінің 100 жылдық мерейтойына арналған шараға қатысып, оның анасының үйінде қонақта болды және қазақтың ұлттық киімін сыйға тартты.
«Бүгінгі Ганьсу» күнделікті газетінің жазуынша, (авторы Цю Сяошань) Си Чжуньсюнь өмірінің соңғы жылдарында Ақсай-Қазақ автономды уезіне барып, досының отбасымен кездесуге ниет танытқан. Алайда түрлі себептермен бара алмаған. Өмірімен қош айтысар алдында ол әйеліне Сағидолланың өмірі мен оның отбасы жағдайын мүмкіндігінше білуді өтінген. Ендеше, Си Цзиньпиннің қазақ халқына деген құрметі әке қанымен берілген шығар...