НАЗАРБАЕВ СИ ЦЗИНЬПИНДІ АҚОРДАДА ҚАБЫЛДАДЫ

/uploads/thumbnail/20170710105629960_small.jpg

Қазақстан президенті Ақордада Қытай президенті Си Цзиньпинді салтанатпен қабылдады деп хабарлайды Қамшы тілшісі.

Салтанатты кездесуде Елбасы Қытай төрағасына Елімізге 3-інші рет сапармен келіп отырғаны үшін алғыс білдірді. Екі елдің сауда-экономикалық қатынасы дамып жатқанын баса айтқан Елбасы Қытай мен Қазақстанның «келісе алмайтын мәселесі жоқ» екеніне ерекше тоқталды.

Осы сәтте «Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚХР Халықаралық саудаға жәрдемдесу комитеті және «CITIC Group» корпорациясы ұйымдастыруында Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің төртінші отырысы өтіп жатыр.

Қытай президенті кеше кешқұрым Астанаға келген болатын. ҚХР төрағасын әуежайдан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Мәмин мен ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қарсы алды.

Еске салсақ, бұл екі ел басшыларының соңғы бір айда екінші реткі кездесуі. Бұған дейін Елбасы Қытай төрағасымен мамырдың 14-інде Бейжіңде өткен «Бір белдеу – бір жол» экономикалық форумы аясында кездескен еді.

Қытай төрағасының елге келуі қарсаңында 5 маусымда Елбасы кітапханасында Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» кітабының қазақ тілді нұсқасы таныстырылған болатын. Сондай-ақ, 6 маусымда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы кітапханасында Нұрсұлтан Назарбаевтың қытай тіліне аударылған таңдамалы еңбектер жинағы таныстырылды.

«Ел басқару жөнінде» – ҚКП ОК бас хатшысы Си Цзиньпиннің 2012 жылдың 15 қарашасынан 2014 жылдың 13 маусымына дейін көпшілік алдында сөйлеген 79 сөзі, сұхбаты, баяндамасы, оқыған дәрісі, құттықтау хаттары енген ҚХР төрағасының алғашқы кітабы. Барлық материалдар 18 тарауға бөлінген және хронологиялық тәртіпте ұсынылған. Әлемдік дамудың көшбасшысына айналған Қытайдағы мемлекеттік реформаларға арналған басылымға жер-жаһан жұртшылығы тарапынан қызығушылық артты. Бүгінде кітап әлемнің 25 тіліне (ағылшын, араб, испан, неміс, жапон, кәріс, т.б.) аударылған.

Айта кететін болсақ, 7-10 маусымға жоспарланған ресми сапары аясында Қытай төрағасы ЭКСПО – 2017 ұлттық көрменің ашылу салтанатына қатысады. Сондай-ақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері басшылары Астанада 8-9 маусым күндері ШЫҰ саммитін өткізеді.

Елбасы саммит алдында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлерін қабылдаған еді.  Кездесуге Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі С.Жасұзақов, Қытай Халық Республикасының Қорғаныс министрі Чан Ваньцюань, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі С.Шойгу, Тәжікстан Республикасының Қорғаныс министрі М.Шерали, Өзбекстан Республикасының Қорғаныс министрі К.Бердиев, Қырғыз Республикасы Бас штабының бастығы Р.Дуйшенбиев, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Р.Алимов қатысқан.

Оған қоса Бішкекте ШЫҰ елдері үкімет басшыларының кездесуі өтті. Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы үкімет басшыларының кездесуінде сауда-экономикалық және инвестициялық қатынасты дамытуға бағытталған 12 құжатқа қол қойылды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) 2001 ж. Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей мен Тәжікстан басшылары Шекара аймағындағы әскери саладағы сенім шараларын нығайту туралы келісім (Шанхай қаласы, 1996 ж.) мен Шекара аймағындағы әскери күштерді өзара қысқарту туралы келісімге (Мәскеу қаласы, 1997 ж.) қол қойғаннан кейін қалыптасқан «Шанхай бестігі» тетігінің негізінде құрылды. 

Қатысты Мақалалар