Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин бірлескен мәлімдемеге қол қойды деп хабарлайды Қамшы тілшісі.
Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы Қазақстанға тікелей инвестиция салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісім, Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы Қорғас өзенінде Үшкірбұлақ бірлескен сел ұстайтын бөгет салу ынтымақтастық келісімі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытайдың сапаны қадалағалау, инспекция және карантин бас басқармасы арасындағы Қазақстаннан ҚХР-ға экспортталатын мұздатылған ұсақ мал етіне қойылатын инспекциялық карантин талаптары мен ветеринариялық-санитариялық талаптар жөніндегі хаттама, ҚР Қаржы министрлігі мен ҚХР Мемлекеттік салық әкімшілігі арасындағы салық мәселелері жөніндегі өзара түсіністік және ынтымақтастық меморандумы, ҚР мен ҚХР Үкіметтері арасындағы суперкомпьютерлерді ұсыну жобасы жөніндегі ынтымақтастық меморандумы, ҚР мен ҚХР Үкіметтері арасындағы зертханалық жабдықтарды ұсыну келісімі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен ҚХР Сауда министрлігі арасындағы көліктік инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту меморандумы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ пен Қытайдың халықаралық саудаға қолғабыс көрсету комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісім, ҚР мен ҚХР Үкіметтері арасындағы бірлескен кино өндірісі саласындағы ынтымақтастық келісімі, «Қазақстан» ТРК мен Қытайдың орталық телевидениесі арасындағы өзара түсінушілік және ынтымақтастық меморандумы, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы мен Қытайдың қоғамдық академиясы арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастық келісімі рәсімделді.
8-9 маусым күндеріне жоспарланған ШЫҰ саммиті мен 9 маусымдағы «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ашылу салтанатына Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин арнайы келді. Кездесу ҚР мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 25 жыл толуы қарсаңында өтіп жатыр.
Геосаяси жағынан ықпалды, экономикалық әлеуеті мықты және қаржылық, технологиялық, өндірістік мүмкіндігі мығым мемлекет Қытай – бізді жақын көрші ғана емес стратегиялық әріптес ретінде қарайды. Оны Қытай төрағасы мен Назарбаевтың бір ай ішінде екі рет кездесуінен байқауға болады.
Си Цзиньпин Қытай билігіне келгеннен(2013 жыл 14 наурыз) бері екі ел басшысы тұрақты кездесіп келеді. Си Цзиньпин мен Нұрсұлтан Назарбаев кездесулерінің саны бүгінде 16-ға жетіп отыр. Ал бұл әлемдік дипломатия үшін сирек кездесетін жайт.
2015 жылы ҚХР көшбасшысы Қазақстан басшысын Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне Бейжіңге шақырды. 2016 жылы қыркүйек айында Ханчжоу қаласында өткен G20 Саммитіне, 2017 жылы мамыр айында Бейжіңдегі «Бір жол, бір белдеу» халықаралық ынтымақтастық форумына шақырды.
14-15 мамырда Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы аясындағы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жоғары деңгейдегі форум барысында аталған шараның ашылу салтанатына 30 жоғары мәртебелі қонақтың ішінде ең соңғы болып Нұрсұлтан Назарбаев келіп, оны Си Цзиньпин қарсы алды. Форум аяқталып, қонақтар естелік суретке түскеннен кейін Қазақстан Президентінің кортежі кездесу орнынан ең бірінші болып аттанып кетті. Ал бұл жайт дипломатия тілінде қабылдаушы тараптың мәртебелі мейманына деген айрықша құрметін білдіреді.
Си Цзиньпиннің бұл сапары – соңғы төрт жылдағы үшінші сапар. Ол Астанаға алғашқы рет 2013 жылдың қыркүйек айында келді. Сол кезде Назарбаев университетінде Жібек жолының қайта жаңғыруына себепкер болған тарихи ұсынысын айтты. Қазір сол кезде айтылған идея «Бір белбеу, бір жол» деген атаумен әлемнің бірқатар елдері мен құрлықтарында қолдауға ие болды. Сол кездесуде Си Цзиньпинге Қазақстан Президенті Назарбаев университетінің құрметті профессоры мантиясын тапсырған еді.
ҚХР Төрағасы Астананы 2013 жылы Жібек жолы Экономикалық белдеуін құру идеясын алға жылжытушы орын ретінде текке таңдап алған жоқ. Қазақстан – теңізге тікелей шығуға мүмкіндігі жоқ ірі ел болса да, Еуразия құрлығындағы орны географиялық және геостратегиялық жағынан өте тиімді мемлекет. Орналасуы жағынан Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпір.
ҚХР – әлемде бизнеске қолайлы климат қалыптастырып отырған бірден-бір көшбасшы ел. Ел халқының 85 пайыз белсенді мүшесі бизнеспен айналысады. Шағын және орта бизнес (ШОБ) секторының ішкі жалпы өнімдегі (ІЖӨ) үлесі 60 пайызды құрайды. Бюджетке түсетін салық түсімінің 50 пайызы ҚХР-дың қалалары мен қала үлгісіндегі ауылдарындағы жұмыс орындарынан түседі. Жалпыұлттық патенттің – 65 пайызы, технологиялық инновациялардың – 75 пайызы, жаңа өнім түрлерін патенттеудің 80 пайызы ШОБ кәсіпорындарында тіркелген.
Бұл жолғы сапар ынтымақтастықтың екі жақты және көпқырлы байланыстарын кең қамтуымен есте қалары анық. Мемлекет басшыларының бұл жолғы кездесуінде сауда-экономикалық, көліктік-транзиттік, энергетикалық, қаржылық-инвестициялық, индустриалды, инновациялық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық мәселелер талқыланады деп күтілуде. Сондай-ақ жаһандық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері де мемлекет басшылары назарынан тыс қалмайды.
2016 жылы екі елдің сауда айналымы 8 млрд. долларды құрады. Қытай Қазақстан экономикасының ең ірі 5 инвесторларының бірі. Соңғы 12 жылда Қытай Қазақстанға 14 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция құйды.
Қытай президентінің сапары аясында өтіп жатқан Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің қорытындысы бойынша жалпы 7 млрд АҚШ долларына жуық сомада энергетика, xимия өнеркәсібі, металлургия салаларында барлығы 22 коммерциялық және негіздемелік келісімдерге, оның ішінде "Самұрық-Қазына" АҚ тобының қатысуымен жалпы 4,5 млрд АҚШ доллар сомасында 6 келісімге қол қойылмақ.
Си Цзиньпин сапары қарсаңында бірқатар мәдени шаралар да қолға алынды.
Қытай төрағасының елге келуі қарсаңында 5 маусымда Елбасы кітапханасында Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» кітабының қазақ тілді нұсқасы таныстырылған болатын. Сондай-ақ, 6 маусымда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы кітапханасында Нұрсұлтан Назарбаевтың қытай тіліне аударылған таңдамалы еңбектер жинағы таныстырылды.
Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында 6 маусым күні «Көрікті Қазақстан - Көркем Қытай» фотокөрмесі ашылды. 7 маусымда Астанада қытай киносы фестивалінің ашылуы болды. Оған «аңызға айналған» актер Джеки Чан қатысты. Фестивал 7-18 маусым аралығында өтеді. Ал, Алматыда ҚХР Баспасөз, баспа, радио, кино және телевизия ісі жөніндегі мемлекеттік басқармасы, Қазақстандағы ҚХР Елшілігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 10-25 маусым күндері «Қазақстандағы қытай кино фестивалі- Шынжаң кино апталығы» өтеді.
Сондай-ақ, 5 маусымда Бейжіңде II Қазақстан-Қытай туристер форумы өтті. Қытайда ЭКСПО-2017 арналған естелік банкноттар шығарылды.