Үндінің қай фильмдерін алып қарасақ та, әйелдері күйеулерінің асты-үстіне түсіп жатады. Күйеуі ауырып қалса, ауыз бекітеді, атымен атамайды, себебі дауыстап атын атаса, күйеуінің өмірі қысқарады деген түсінік бар екен Үндістанда. Ешқашан да күйеуімен қатар жүрмейді, бір қадам артта жүреді. «Сіз» деп сөйлейді, аяғын жиі жуып тұрады. Фильмдерден қарайсың да, неткен махаббат, неткен сыйластық деп қаласың. Ал шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, мұндай қамқорлықтың астарында махаббат жатқан жоқ, бәрі «ақ жесір» атанудан қорыққан әйелдердің әрекеті екен.
Неке институты және патриархалды дәстүр
«Ақ жесір» дәстүрі сақталған үнді штатының тұрғындары отбасында қыз бала дүниеге келсе, оған дереу күйеу жігіт іздестіретін көрінеді. Ал қыз 6-7 жасқа толғанда, дәл тұрмысқа шығатын уақыты келеді екен. Күйеуінің неше жаста болатыны маңызды емес.

Қызды тұрмысқа берген отбасы тереңінен демалып, ауыр жүктен, азаптан құтылғандай күйде болады. Қалыңдық пен күйеу жігіт бірін-бірі алғаш рет тек тойда көреді.
Сөйтіп бүлдіршіндерің отбасылық өмірі басталып кетеді. Күйеу деген жердегі құдай, күйеу деген тағдыр, күйеу деген әйелдің бары, ол адам емес, әйел үшін ерекше тұлға. Әйелі күйеуін жақсы көрмесе де, оған деген «жоқ» махаббатын үнемі көрсетіп тұруы тиіс, көңілін көтеру керек.
«Ақ жесірлер»
Жоғарыда айтып өткеніміздей, күйеуі мен әйелінің жас айырмашылықтары маңызды емес. Әйелінің жасы 6-да, күйеуі 20-да, не 30-да болуы мүмкін. Әрине, мұндай жағдайда ерте қартайған күйеуі әйелден бұрын қаза табады. Ал күйеуі дүниеден өткен үнді әйелі «ақ жесір» атанады. Ақ жесірлер – тыныш өмірден баз кешкендер.

Алдымен жесірлердің шашын қысқартады, үстілеріне ақ сари киеді. Ақ түсті сариден өзге киім киюге тыйым салынады. Көздің жауын алатын алқаларымен жарқырап жүрген үнді қыздары «ақ жесір» атанған соң бәрін де ұмытады, көңіл-көтеру, қоғамдық ортада жүру, қыдыру, ән айту, жалпы қуану – олар үшін арманда қалған дүниелер.
Күніне бір уақыт тамақтанады, тәтті жеуге тыйым салынған. Адамдар тіпті олардың көлеңкесінен қорыққан, үйлерінің маңына жолатпаған, бақытсыздық әкеледі деп түсінген. Ақ жесірлер көбіне көше кезіп, қайыр тілеп жүреді.
Қасиетті Вриндаван қаласы – жесірлердің мекені

Жесірлердің көбі қасиетті Вриндаван қаласына аттанады, ол жерде жесірлер мұндай қорлық көрмейді.
Қалдағы «ашрама» деп аталатын жатақханалар отбасынан қашып келген «ақ жесірлерге» арналған. Жатақханада жесірлер еріктілердің көмегіне жүгінеді, тігін тігеді, Құдайға сыйынады. Еріктілер жесірлерге қамқорлық танытады, киіндіреді, тамақтандырады, толыққанды өмір сүрулеріне мүмкіндік береді.

Бүгінде Үндістанда әйелдердің құқығын қорғайтын орталықтар ашылды. Жесір қалған, отбасы бөлектеген, күйеуінен опық жеген үнді әйелдері сондай орталықтарға жүгінеді. Алайда, нәтижесі оңтайлы болар емес. «Бұл тек бастамасы ғана» дейді орталық қызметкерлері.
Шолушы: Сабина Рамазан