Қарағанды облысы Ұлытау ауданында «Ақ бөкен» табиғи қорығында қоғамдық ұйымдардан құрылған қорықшы қызметінің ерікті-инспекторларының көлігі өртке оранды, деп хабарлайды Қамшы ақпараттқ агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бүгін таңертең қорық аумағында инпекторлар жұмыс барысында браконьерлермен қақтығысып қалған. Бір экипажға оқ атылды. Артынша бір адам көліктен біздің машинаға белгісіз зат лақтырды. Машинада бірден от тұтанды. Адамдар зардап шеккен жоқ. Көлік толықтай өртеніп кетті. Браконьерлердің көлігінде нөмір болған жоқ. Тек сұр түсті Лэнд Крузер, 105-шанақ (кузов) екені белгілі», - деп хабарлады жоба жетекшілерінің бірі Марғұлан Сейсембай.
Алайда инспекторлардан көлікті белгісіз біреулердің қудалағаны, көлікті қасақана жағып жібергені туралы шағым түскен жоқ. «Бұл факті ішкі істер органдарында тіркелген жоқ. Қазір қорыққа Ұлытау полиция бөлімінің қызметкерлері шықты. Атыс пен өрт жайлы мәліметті қазіргі кезеңде теріске шығарып, не растай алмаймыз. Барлығы анықталу үстінде. Іс ІІД басшылығының бақылауына алынды», - деп хабарлады ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.
Қорықтың ресми деректеріне сәйкес ол жарты жыл бұрын құрылған. Қарамағында 1 200 000 гектар ерекше қорғалатын аумақ бар. Ол жерлерде балық аулауға, аңшылықпен айналысуға тыйым салынған. Аумақты қорғау үшін қазақстандық компаниялардың қолдауымен УАЗ және КамАЗ-кунга көліктері сатып алынған. Сондай-ақ 11 адамнан тұратын инспекторлар командасы жасақталған. Олар рация, GPS, арнайы формамен жабдықталған.