Құрманғазы мен Пушкинді сүйістіріп қойған атышулы постердің авторларына қатысты сот үкімі шықты. Қоғам наразылығын тудырған суретті салғандар Құрманғазы атындағы консерваторияға 34 миллион теңге төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты хабарлап отыр. Сонымен қатар, пост авторлары республикалық БАҚ арқылы кешірім сұрауға міндетті.
"Студия 69" гей-клубын жарнамалаған постер 24 тамыз күні әлеуметтік желілерге шыққан еді. Екі тұлғаның сүйісіп тұрған суреті ел арасында үлкен наразылық тудырған болатын. Дереу көтерілген халық жарнама агенттігін сотқа беріп, агенттік директоры Дария Хамитжановаға айыппұл салынған.
Ақпараттарға сай, Havas Kazakhstan жарнама агенттігінің бас директоры Дария Хамитжанова сот шешімімен келіспей отыр екен. "Мен дәл мұндай шешімді күтпеп едім. Меніңше, бұл барып тұрған әділетсіздік, өйткені 34 млн теңге компаниямызды құрдымға жібереді, оның үстіне сот мүлікті сатуға тыйым салды. Осыдан кейін біз қалай жұмыс істейміз? Бұл адамдар ол ақшаны өздері тапқан жоқ, мұндай соманы алуға еш еңбек те сіңірген жоқ, тіпті сот залына да аяқ баспады. Енді келіп 34 адамның әрбіріне төлеу керек, қоғам алдында кешірім сұрау деген тағы бар. Мен тіпті де білмеймін...", - деген арсыз жарнаманы жасаушы агенттік директоры Дария Хамитжанова.
Елімізде гомосексуализмді насихаттауға әлі ресми түрде тыйым салынған жоқ. Алайда, бұл мәселе қоғам тарапынан белсенді көтерілді. Осы заңның жұмсақтығынан тіпті біржынысты қатынасқа барушылар құқығын қорғайтын ұйым құрмақшы болғандар да болды. Бұл туралы мына сілтемеде жазған едік. Көшелерімізден ұлтты қорлап, тарихи тұлғаларымызды мазақ ететін жарнамаларды тағы көріп қалмасы үшін Парламент тез арада аталған заңды қабылдауы тиіс. Ал, батыстың мәдениетін қабылдап, бойына толықтай ұлттық рух сіңбеген жастар ертең тағы да сөлекет істерге ұрынбас үшін Havas Kazakhstan жарнама агенттігіне шығарылған сот шешімі қалайда орындалуы керек. Себебі бұл қоғамда азғындыққа шақырушы кейбір мүдделі күштердің ертеңгі қадамдарын ойланып басуына сеп болады.