Солтүстік Корея билігі бір апта бұрын ғана бостандыққа шығарған 22 жастағы студент Отто Уормбиер (Otto Warmbier) Цинциннати ауруханасында қайтыс болды. Бұл туралы марқұмның отбасы дүйсенбі күні жариялаған мәлімдемеде айтылады, - деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
"Отто бүгін сағат 2.20-да жақындарының ортасында көз жұмды. Қолдан келгенін жасаған медициналық орталықтың мамандарына алғыс айтамыз. Амал не, баламыз солтүстіккореялықтардан көрген азаптан қайтыс болды", - делінген хабарламада.
"Отто 13 маусымда Цинциннатидегі үйіне оралған кезде аянышты халде еді, сөйлей алмады, көре алмады, дауысқа белгі бермеді. Бірақ ол үйде болғанын сезді деп ойлаймыз", - делінген үндеуде. Уормбиер АҚШ-қа ес-түссіз күйде келген.
Еске салайық, Отто Уормбиер 2016 жылдың қаңтарында Солтүстік Кореяда ұсталған болатын. Ол "бүлдіру әрекетін" жасады деген айыппен 15 жылға бас бостандығынан айырылған. 1 қаңтарға қараған түні ол Пхеньян қонақүйінің қызметтік бөлмесіне кіріп, ілініп тұрған саяси үнқағазды алып, жерге қойған. Америкалық өз кінәсін толықтай мойындап, "Америкалық әкімшіліктің КХДР-ға қатысты жаугершілік саясатының құрбаны болғанын" мәлімдеген.
2016 жылдың наурызынан бері студент түрмеде берілген ұйықтататын дәрі ішкеннен кейін ес-түссіз күйге түскен. Солтүстіккореялық билік өкілдері Уормбиер тамақтан уланды деп мәлімдеді.
Ал биыл шілде айының ортасында Пхеньян "адамгершілік ниетпен" босатқан. АҚШ-та дәрігерлер тұтқынды тексеріп шыққан кейін ауыр ми жарақатын алды деген қорытындыға келді. АҚШ президенті Дональд Трамп Отто Уормбиердің өліміне "солүстіккореялық режим" кінәлі деп мәлімдеме жасады.
Пікір қалдыру